Оның жастық шағы сұм соғыстың ортасында өтті. Ол Қиыр Шығыс шекарасындағы шайқастарға қатысқан. Бүгінгі бейбіт күннің қадірін жақсы біледі. Себебі жеңістің қандай қиындықпен келгенін көзімен көрді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысының ардагері – Валентина Смирнова. Алапат шайқаста жүріп, ер мен әйелдің жұмысын талғамай бірдей атқарғанын айтады,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
97 жастағы ардагердің естеліктері келесі сюжетте.
Соғыс басталғанда Валентина Смирнова жасы не бары 18-де, Алматы медициналық университетінің студенті еді. Әскер қатарына шақырылмаса да, бойжеткен өз еркімен майданға аттанып, Қиыр Шығыста, жапон милитаристерімен шайқасқан. Одан кейін Тынық мұхиты флотының штабында офицерлік құрамды жасақтаумен айналысады. Сондай-ақ, әскери бөлімшелер арасындағы байланысты үздіксіз қамтамасыз ететін радио оператор болып та біраз еңбек еткен.
«Соғыс аяқталған жылы біздің әскери құрам Тынық мұхит жағасында болатынбыз. Біз үшін Ұлы Отан соғысы 1946 жылдың ақпан айында ғана аяқталды. Себебі мен сол жақта радио-байланыс қызметінде қалдым. Күн-түн демей, дамылсыз жұмыс істейтінбіз. Ол кезеңде ер мен әйел жұмысы бөлінбейтін. Бәрімізде де бір мақсат. Жеңіс үшін қолдан келгенді жасадық», – деді Ұлы отан соғысының ардагері Валентина СМИРНОВА.
Соғыстан кейін Валентина Смирнова Мәскеудегі инженерлік-құрылыс институтына түседі. Оқуды аяқтаған бойы, 1958 жылы Қазақстанға көшіп келіп, осында біраз жыл құрылыс саласында еңбек еткен. Ардагер қазір 97 жаста. Әлі тың. Қазір ол қаладағы қарттар үйінде тұрады. Алайда ешкім тастап кеткен емес. Тек қарайласатын адам болмады дейді.
«Біз Ұлы Отан соғысындағы жеңіске ештеңеге теңеспейтін күшпен жеттік. Ол күш – бірлік. Майдан жылдарындағы қиын кезеңдері ұмыту мүмкін емес. Ол қиындықты біздің бүгінгі жастармыз көрмей-ақ қойсын. Бейбіт, тыныш өмірге ештеңе жетпейді», – деді Ұлы отан соғысының ардагері Валентина СМИРНОВА.
Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығында елімізде төтенше жағдай орнағанымен мұндай бейбіт өмір үшін күрескен майдангерлеріміз ескерусіз қалмайды. Оларға өз дәрежесінде құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат көрсетілуде. Күні кеше ғана Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдесінде осылай айтты. Әр аймақтың әкімдеріне соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек беруін тапсырды. Биыл әр Ұлы Отан соғыс ардагеріне мемлекет 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетеді.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы