Зұлмат соғыс жылдарында оққа ұшқан жауынгерлерді еске алып, рухына тағзым ету бүгінгі бейбіт өмірдің ұрпақтары үшін парыз. Осы мақсатта «Алматы» арнасы қан майданда от кешіп, қаза болған жауынгерлердің ерлік жолын көпшілікке көгілдір экран арқылы ұлықтауды жалғастырады. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің балалық шағын қара еңбек пен соғыс ұрлады. Одан кейін қанша жыл өтсе де, тағдыры қиын кезеңмен тұспа-тұс келген ардагерлердің өмір жолы балаларының көз алдында әлі күнге дейін сақтаулы. Олардың жанқияр ерлігі туралы естеліктерін Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.
Ардагерлердің ерен ерлігін еш нәрсемен өлшеуге келмейді. Қуандық Түсіпбеков әскерге шақырту қағаз алған кезде небәрі 20-дан енді асқан еді. Сол сәттен бастап №1277 атқыштар полкінің қатардағы жауынгері болып қабылданады. Ол Кавказ және Кубаның неміс басқыншыларынан азат ету жолындағы ірі операциясына қатысады. Жастайынан өлең-жырға әуес болып өскен Қуандық үйіне хат жазған кезде де өзінің амандығын шумақтан өлең құрап жазатын болыпты.
«Мүлде хабар ошарсыз кеткен атамыз туралы біз 2015 жылы ғана білдік. Сол уақытта Ұлы Жеңіске 70 жыл толған мереке қарсаңында бізге тың дерек жетті. Мәліметтер бойынша ол ең үлкен танк шайқастарының бірінде қаза тапқан. Қазір ол Украинаның Липовец ауданынында жерленгенін білдік. Осылайша арада 70 жыл өткеннен кейін атамыз туралы хабар біліп қатты қуандық», – деді Қ. Түсіпбековтің жиені Меңдіғаным Шаймерденова.
Соғыс ардагері Ахмет Абдуллиннің қызы Сәния Абдуллина әкесінің ерлік жолындағы естеліктерін мақтанышпен еске алады. Ресейдің Омск облысында дүниеге келген Ахмет 1927 жылы әскер қатарына шақырылады. Осылайша, соғыс басталар уақытта сақадай сай тұрған жауынгерлердің қатарында Ахмет те болыпты. Ардагер майдан шебінде өзінің жауынгерлік жолын 1941 жылдан бастайды. Венгрия, Германия, Австрия елін азат етуге қатысады. Бүгінде батырдың ұрпағы аталарының ерлігін үлкен мақтанышпен айтып жүр.
«Біздің отбасымыз үшін нағыз майдангер жауынгер ол біздің әкеміз. Ол өзінің майдан жолын Молдавиядан бастап, Берлинге дейін жетті. Европаның жартысын жаяу жүріп өтті десек те болады. Анамның айтуынша, ол ұйқысынан шошып оянған кезде «Отан үшін, ел үшін! Алға!» деп оянады екен деседі», – деді Ахмет Абдуллиннің қызы Сәния Абдуллина.
Ел Жеңіске жетіп, миссия сәтті аяқталғаннан кейін елге оралыпты. Кейін мемлекеттік сақтандыру саласында біраз жыл еңбек етеді. Батыр 1973 жылы 69 жасқа қараған шағында өмірден қайтыс болған. Өткен күнде қасірет шегіп, қан кешкен боздақтарды бүгінгі ұрпақ ешқашан ұмытпақ емес.
Ұлағат Арғын, Сағынғали Мұғайтпасов, «Алматы» арнасы