Бүгін Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің туыстары мен тыл ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиынға Ассамблея мүшелері, мәжіліс депутаты мен Әзірбайжан елінің Қазақстандағы консулы қатысып, келген қонақтарға арнайы сыйлық тарту етілді. Шара барысында өмірден өткен ардагерлер мен соғыста қаза болған және із-түссіз жоғалған сарбаздарды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Ал, дөңгелек үстелге қатысушылар естелігін бөлісті.
«Соғыс басталғанда Ресейде тұратынбыз. Кейін эвакуациялау кезінде біз отырған пойызға бомба түсіп, жарылды. Осылай тағдыр тауқыметімен 5 жыл бойы Белоруссиядағы Могилёв облысын мекендедік. Басымыздан не өтпеді: аяз, ашаршылық, қорлық... Мен ол кезде бала едім, жасым небәрі 3-те. 1946 жылы Қазақстанға келдік. Өз басында қайғы көп қазақ елі бізді жылы қабылдап, барын бөлісті. Қазақстанға алғысым шексіз!» – деді қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Клара Летникова.