Үкіметтің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ҚР Үкіметінің білім және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша бір жыл ішінде атқарған жұмысына шолу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Азаматтардың білім алуына, денсаулығы мен әл-ауқатына мемлекет тікелей жауапты. Әлеуметтік бюджетіміз өсіп келеді. Бұл – балабақша, мектеп, аурухана, мәдениет, спорт нысандарын салуға және жөндеуге, атаулы көмекке бөлінетін триллиондаған теңге. Қаражат сомасынан гөрі әрбір мұқтаж адамның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі маңыздырақ екенін естен шығармауымыз керек», — делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында.
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы көлемі: бакалавриат студенттеріне – 20%-ға, магистратура мен докторантурада оқитындарға – 15%-ға, ТжКБ студенттеріне – 50%-ға артты. Жалпы, 2025 жылға қарай студенттер шәкіртақысының мөлшері 2020 жылғы деңгейден кезең-кезеңмен 2 есеге өседі.
ЖОО-лар мен колледждердің жатақханаларында орын тапшылығы бір жыл ішінде 3 есеге жуық, 2022 жылғы 62,8 мың төсек-орыннан биылғы қазан айында 23,9 мыңға дейін қысқарды.
Бұл ретте жатақханалар салуға мемлекеттік тапсырыс беру тетігі жетілдірілді. Атап айтқанда, республика бойынша жылына төсек-орын үшін норматив 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін (20%-ға) және Алматыда жылына төсек-орын үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін (20%-ға) ұлғайтылды.
2023 жылы 10,9 мың орындық 44 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде 25 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 19 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
1 қыркүйектен бастап республикадағы барлық 1-4 сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. 1,4 млн бала қамтылды. Жергілікті бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының 5-11 сыныптарда оқитын 200 мыңнан астам оқушысы тамақтанады. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында аталған санаттағы 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді.
Білім беру ұйымдарында балалардың тамақтану нормалары қайта қаралды: онда отандық өнімді пайдалануға, тағам сапасының мониторингін күшейтуге және саламатты тамақтануды насихаттауға баса назар аударылды.
Азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болатын «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Аталған жүйе шеңберінде балаға арнаулы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады, онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақтала бастайды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Ұлттық қор — балаларға» бастамасы шеңберінде қаражат жинақталатын болады, бұл кейіннен жинақтарды шоғырландыруға және таңдалған ЖОО-да оқуға ақы төлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша өтініш беруге болатын мемлекеттік білім гранттары сақталады. «Келешек» қосымша қолдау тетігі болады. Грантқа түскен жағдайда талапкер жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға бағыттай алады.
«Келешек» ерікті жинақтау жүйесі елімізде келесі жылдан бастап қолжетімді болады.
Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алу үшін әр балаға кемінде 40 мың теңге алды. Барлығы 463 мың бала қамтылып, 19 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. 2026 жылға дейін 740 мың орындық 369 жаңа форматтағы мектеп салынады.
Жұмыс істеп тұрған мектептерді қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Оларда жыл сайын заманауи 1000 кабинет, яғни робототехника, химия, биология, физика және STEAM кабинеттері ашылады. 2029 жылға дейін осындай 7 мың кабинет ашылады.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында жаңадан 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Республикада 300 мың орындық 2 483 мектепке дейінгі білім беру мекемесін, оның 81 мыңын 2023 жылы ашу жоспарланған.
Жыл басынан бері 53,9 мың орындық 525 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бүгінде 89,7%-ды құрайды. Жыл соңына дейін жаңадан тағы 27,1 мың орынды іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар биыл мектеп жасына дейінгі балаларды сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету мақсатында:
озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 79 құзыреттілік орталығы ашылды;
педагогтер үшін, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен әдіскерлері үшін біліктілікті арттырудың 24 курсы әзірленді;
19 мыңға жуық педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Мектептерде 100% үздіксіз экологиялық білім беру, барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту моделі енгізілді.
Қолданбалы ғылымды, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерін бірлесіп қаржыландыру, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ жыл сайынғы гранттар бөлу арқылы қаржыландыруды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Республикалық бюджеттен қолданбалы ғылымға 2024-2026 жылдарға 500 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Биылдың өзінде 16,9 млрд теңгеге коммерцияландыру бойынша 66 жоба іске асырылуда. 17,1 млрд теңгеге жаңа конкурс жарияланды.
Жалпы, ғылымның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар жас ғалымдарға қолдау көрсетілуде. Биылғы қазан айында 2024-2026 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобаларын гранттық қаржыландыруға 9 млрд теңгеге конкурс жарияланды. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға конкурс жарияланды.
Жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инженерлік орталықтарды, ғылыми-технологиялық парктерді құру және дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық инфрақұрылымды құруға қаржы бөлінді. 2023-2025 жылдары 2 ғылыми-технологиялық парк пен 2 инженерлік орталық құру жоспарланған:
Жоғары білімді интернационалдандыру шеңберінде Қазақстан-неміс университетімен бірге Yessenov University базасында инжиниринг институты ашылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғарғы мектебі ашылды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ негізінде инженерлік-техникалық бағыттағы Лу Бан шеберханасы ашылуда. ҚазҰАЗУ базасында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы ашылды. А. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде Heriot-Watt университетінің филиалы ашылды.
Оқи отырыңыз: Президенттің Сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр