Бүгін Ұлытау облысы Ұлытау ауданында Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Араға ширек ғасыр салып облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді.
15 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құрылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан одан да ауқымды Ұлттық құрылтай институты құрылатыны ең алғаш ресми түрде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыздағы халыққа Жолдауында айтылған болатын.
Кейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында бұл институт жалпыұлттық диалогтің әмбебап моделіне айналатынын айтып, құрамына кімдер кіретінін атаған еді.
Ұлттық құрылтайдың қайтадан құрылымдалған Ұлытау өңірінде өтетіні 6 маусымда белгілі болған.
Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.