Қазіргі қазақ қоғамы қатыгездік, тойымсыздық, зорлық-зомбылық дейтін қауіпті ұғымдарды қалыпты қабылдайтын жағдайға жетті. Оған соңғы уақыттары бетімен кеткен БАҚ-та жауапты деп ойлаймын. Бұл туралы «Қазақ әуендері» АҚ Президенті Ғалымжан Өтелбайұлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Жаһандану» дәуірінен сақтанудың қамын қамдап, «жұмсақ күштер» экспансиясына қарсы ұлт жанашырларының жанайқайы жиі шығып тұратын. Қоғам аталы сөзге тоқтаушы еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы саясатта қайшылықтарға толы болды да, күнкөріс қамында жүрген қарапайым халық не берсе соны талғамай жұтты. Шетелден келген түрлі идеологиялық ағымдар, діндер, ұсақ мәдениеттер, саяси түсініктер осындай ұрымтал сәтті пайдалана білді. Ақпараттық кеңістік ұлттық қауіпсіздік мүддесіне мүлде сай келмеді. Белгісіз «уағызшылар» пайда болып, күмәнді «көсемдер» ел ішін лаңдай бастады. Қай ортаға, қай дастарханға барсаң да саяси салғыласу, діни дау-дамай үрдіске айналды. Төріңдегі теледидар эфирінде азғындықа жол ашылды. Оны отбасымен, бала-шағаңмен қосылып көру жәй қалыпқа айналды.
Ең үлкен қасірет «алтын-күміс тас екен» деп қарайтын қазақ арасында дүние үшін жарыс басталып кетті. Ел қамын жейтін Едігелер емес, өз қамын ойлайтын «ездер» шықты. «Бәсекеге қабілеттілік» дейтін ұран әуелден қате ме әлде бізге қате түсіндірді ме, бәсекелес, бақталас, күндес секілді құлқынға қызмет ететін сөз «алдымен экономика» деген қате саясаттың жалауындай желбіреді де тұрды. Қалай байысаң солай байы, әйтеуір бауырыңнан, досыңнан, туысыңнан бәрінен басып оз, ішін күйдір, шап! Алакөз ағайын, бәсекелескен әкім-қара, қайшыласқан кландарды басқару да оңай болса керек… Нәтижесінде қатыгездік, аяқтан шалу, есең кетсе өш алу, қарапайым ғана көшеде біреуге жол беру деген мейірімділіктің оты сөне бастады. Осылайша, билік жүйесі аңдысумен күнелткен, өз еліне жаны ашымайтын шенеуніктерді шығарды. Аяқтан шалу, блогерлерге талату әдеттегі іс болды. Бір діннің ішінде 70 ағым, бір ұлттың ішінде түрлі мәдениет, басы бірікпейтін әлеуметтік топтар пайда болды. Ең сорақысы, «ауыл итінің аузы ала болса да, жау келгенде бір болады» дейтін тәмсілге де жарамай қалды. Мысалы, әлемді екі өкпесінен қабындырған індет келгенде, жабылып қарсы тұрудың орнына жаңағы опасыздар қыл үстінде тұрған жаннан пайда тапқысы келді. Дәрі-дәрмектің дефицитін қолдан ұйымдастырып, бағасын шарықтатып жіберді. Бұл – қылмыс! Қазақ байлықпен жарысса, енді азғындықпен бәсекелесетін болды. Қыста қар құрсауында қалған жолаушыға 100 теңге тұратын нанның бағасын 1000-ға сатып, қаңтардың қанды күндерінде өз бауырына үтік басты, азаптады. Осыған қалай жеттік? Батыр майданда сыналса, би алқалы топта сыналады дегендей, ақ жүректілікке бастайтын би мен батыр қайда?!
Азаматтық қоғам ар-ұждан сұранысына жауап бере ала ма?
Қасым-Жомарт Кемелұлы наурыздағы Жолдауында төрт саяси реформа ұсынғанын, оның ішінде мықты азаматтық қоғам құру қажеттігін баса айтты. «Мықты» деп неге нығарлады екен? Жалпы, азаматтық қоғам өз міндетін толық атқара алмай отырғаны белгілі. Карл Поппердің ашық қоғам құру арқылы азаматтардың дауысын билікке естіртіп, мемлекет соған жүгінуімен әділдік орнайды деген идеясы да ХХІ ғасырда сынға ұшырады. Уақыт тезіне төтеп бере алмай жатыр. Маркс пен Лениннің социализмі сияқты ескірді. Қоғамдағы пікір қайшылығы демократияға емес, адамдардың кез келген мәселеде тым саясиланып кетуіне тартып барады. Тіпті, әлемдік саясатты өз қолымен жасап, тұтастай бір мемлекеттің суверенитетіне нұқсан келтіретін кепке ұрындырды (Батыс болсын, Шығыс болсын). Кейде ашық қоғам идеясын құрығы ұзын қаржылық топтар немесе өз қара басын ғана ойлайтын «тұлғалар» (жекелеген мүдделер) қолшоқпар қылып алды.
Пікір қайшылығы саяси текетіреске ұласты. Рас, азаматтық қоғамды желеулеткен белсенділер өз қиялындағы мемлекетті аңсап, қоғамда тым көп пікір қайшылығын қалыптастырып жіберді. Қазақ «әр кәллада бір қиял» дейді мұндайды. Әркімнің ойындағы қиял шынайы дамуға, мәселе шешуге арналса құба-құп еді… Олай болмады. Бұған азаматтық қоғамның белсенділері мен көпке пікір қалыптастырып жүрген тұлғалардың өзі жауап бере алмаса керек.
Алда саяси партиялар көптеп құрыла бастайды. Ұлттық құрылтай өмірге келеді. Бірақ оны ел мүддесіне қарай жүзеге асыратын сапалы маман, арлы жетекшілер бар ма қоғамда? Біз қоғамдық институттардың жұмысымен немесе оның лидерлерімен бүгін ғана танысып жатқан жоқпыз ғой. Олардың шама-шарқы белгілі ғой. Мемлекеттік қаншама жобалар халық сынына ұшыраса, отыз жылда Азаматтық қоғам соншалықты шешімді жобалар ұсына алды ма? Бәрін жоққа шығарудан аулақпыз. Тек айтпағымыз: ұлт мүддесіне келгенде біз қайшы пікіршіл, тек сынай ғана білетін емес, кешегі Жолдауда айтылған жалпыұлттық тұтастыққа бәріміз мүдделі болуымыз қажет! Президент айтқан реформаларды жүзеге асыратын сапалы, арлы, мейірімді жастар қалыптастыру рухани интеллектуал адамдардың еншісінде. Мінеки, сол механизмді ретке келтірмей адам сапасы артпайды! Мәселенің барлығын жасанды интеллект емес, адамның ішкі дүниесі шешетінін, тіпті сол Илон Масктің өзі мойындап, ағынан жарылған жоқ па? Мемлекет тарапынан қазір Жаңа Қазақстан үшін не жасалса да, отыз жылғыны қайталу болып көріне беретіні содан.
Біз шынымен жаңарғымыз келсе, бір-бірімізге сенетін қоғам құрсақ деймін. Әйтпесе, тек қана құр саяси технологиялық бастамалар бізді тығырықтан шығара алмайды.