Президент қоғамның экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін қауіп-қатер туралы айтты
Елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"Біздің елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр. Ал халықтың басым бөлігінің табысы төмендеп келеді немесе еш өзгеріссіз қалды. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Бұның бәрі қоғамның экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осындай дағдарыстың алғашқы белгілері көріне бастады", - деді Тоқаев кәсіпкерлермен өткен кездесуде.
Мемлекет басшысының айтуынша, тәуелсіздік алғалы бері бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалды. Мемлекет кәсіпкерлік ортаны дамытуға күш салды. Салықтық жеңілдіктер мен қаржылай көмек те көрсетілді. Осылайша, экономикалық модель бойынша бизнес дамыса, жұмыс орындары ашылады, адамдардың табысы артады деген сенім болған.
"Бірақ біз күткен нәтиже толыққанды шыққан жоқ. Қазір қолымызда не бар? 2020 жылы ұлттық табыстың басым бөлігі - 61,5% бизнеске тиесілі. Салықтың көлемі бар болғаны 7,3%, ал қазақстандықтардың жалақысына 31% жұмсалады. Бұл – өте төмен көрсеткіш", - деп атап көрсетті Тоқаев.