Белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тілге келгенде асығыстық жасауға болмайды. Дегенмен, біз тіл реформасын жасаймыз деді Президент. Әлбетте, мемлекет басшысының тілге қатысты айтқандарына мемлекеттік бірегейлікті нығайтатын фактілер деп қарау керек. Себебі, мемлекеттік тіл сол мемлекеттегі барлық коммуникацияны жүзеге асыратын құрал. Сондықтан біз мемлекеттік тілге тек бір ұлттың тілі ретінде қарамауымыз керек. Қоғам өмірінің барлық саласындағы коммуникацияларды жақсартудың құралы. Коммуникация жақсы болса, қоғамда конфронтациялану процесі болмайды. Мемлекеттік тіл осы елде қызмет ететін барлық кәсіп иелерінің, кәсіби құзыреттілігінің бір компоненті ретінде танылғаны абзал.
Қазіргі кезде ғалымдарымыз Қазақстанның графикалық кеңістігін, әлеуметтік лингвистикалық аспект ретінде зерттеп отыр. Зерттеу барысында бір құбылысты байқадық. Графикалық кеңістігіміз бұрын тек қана бір кирилл әліпбиімен безендірілсе, қазіргі кезде екі үлкен графикаға бөлініп отыр. Біріншісі кирилл болса, екіншісі – латын. Латындану – біздің мемлекетіміз үшін негізгі үдеріс», – деді Анар Фазылжан.