Қазақстан инвестициялық тартымдылығы жоғары үздік 10 мемлекеттің қатарына қосылды

22.01.2024 18:34

Президент алдағы 5 жылда инвестиция көлемін 150 млрд АҚШ долларына жеткізуді тапсырған болатын

Almaty.tv

Қазақстан шетелдік инвестиция тарту ісінде әлемде үздік ондықта. Халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижесінде Қазақстан алтыншы орынды еншіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан – шетелден қаржы тарту ісінде көшбасшы. Орталық Азия елдеріне құйылған барлық инвестицияның 61 пайызы елге тиесілі. Қысылтаяң тұстағы пандемия кезінде де экономика тұралап қалмады. Негізгі капиталға салынған қаржы 17,2 млрд долларға жетті. Көрсеткіш өткен жылы 705 млрд теңгені құраған. 70-тен астам келісімшарт жасалды. Отандық жобаларға қаражат құюға құлықты елдің дені АҚШ, Швейцария, Ресей және аспан асты елі. Алдағы ауқымды бір жұмыс – өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген. Екінші бағыттағы жұмыс экономиканың барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі реформаларды жүзеге асыру шараларын қамтиды»

Астана халықаралық қаржы орталығының дерегінше, Орталық Азия елдері стартап жобаларға қызығушылық танытып отыр. Шетелдік инвесторлар арасында жасыл энергетиканы дамыту мен ірі инфрақұрылымдық бастамалардың нәтижесі оң. Биылдың өзінде шетелдіктер үшін мұнай-химия, қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі салалары экономиканың тартымды бағыты болып тұр.

– Біздегі стартап жобаларға шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Әсіресе жасанды интеллект өтімді келеді. Қаржы құйып, бастаманы іске асырғысы келетін шетелдік инвестор көп. Қазақстандық стартаптар миллиондаған пайдаланушыны тартып қана қоймай, халықаралық деңгейде танымал болып жатыр. Мысалы Citix ақпараттық-навигациялық жүйесі Түркия мен БАӘ нарығына шықты. Үкімет ұлттық экономиканы одан әрі әртараптандыруға күш салып жатыр, – деді «Аstana hub» қатысушылар кеңсесінің директоры Жансая Қалыбекова.

Қазақстан инвестициялық тартымдылығы жоғары үздік 10 мемлекеттің қатарына қосылды. Халықаралық агенттік жүргізген зерттеу рейтингінде алтыншы орынға жетті. Көрсеткіш көңіл қуантарлық. Өткен жылы салалық бөліністе тікелей шетелдік қаржы тау-кен өндіру мен бөлшек сауда саласына тартылыпты. Инвесторлардың қызығушылығы әсіресе, Алматы қаласы мен Атырау, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарына түседі екен. Сарапшы экономистер экономиканы жедел дамытудың тіке жолы инвестиция болса, оның әлеуетін арттыру үшін алдымен инвесторларға жағдай жасау керек екенін айтты. Нәтижесінде әріптестік жемісті болады.

–Экономиканы жедел дамытудың дұрыс жолы – салаға инвестиция тарту үрдісін үздіксіз жүргізу. Шетелдіктерді Қазақстанның географиялық орналасуы да қызықтырады. Алдағы уақытта біз құрылыс, сауда саласына көптеп инвесторлар тартуымыз керек. Экономиканың өсуіне осы салалар өз әсерін береді. Тағы бір тартымды бағыт  – логистика. Ел ішіндегі өңіраралық сауданы дамыту үшін логистика өте маңызды, – деді экономист Жәнібек Айғазин.

Қазақстан 2029 жылға дейін шетелден кемінде 150 млрд доллар инвестиция тартуға мүдделі. Үкімет алдында тұрған межелі міндет – экономика көлемін 2 есеге арттыру. Президент «мұқият есептеген іс-қимыл жоспары нәтижелі болу үшін жаңа инвестициялық циклды іске қосу керек» деді. Арнайы жарлық та шығарды. Міндет – жүйелі жұмысты оң көрсеткіштермен көрсету.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

оқи отырыңыз: Халық жүрегіндегі қаһарман: Сағадат Нұрмағамбетовке туған жерінде ескерткіш орнатылады