Халық жүрегіндегі қаһарман: Сағадат Нұрмағамбетовке туған жерінде ескерткіш орнатылады

Фото: пресс-служба Министерства обороны РК
Фото: пресс-служба Министерства обороны РК
Президент сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға тиісті құрмет көрсету керек екенін айтқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды. Айтулы датаға орай туған жері Ақкөл қаласында ескерткіш орнатылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ердің есімін ұлықтап, мерейтойды жоғары деңгейде өткізу үшін былтыр тамыз айында жоспар бекітілген. Ол нақты 9 тармақтан тұрады. Президент жақында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға тиісті құрмет көрсету керек екенін айтқан.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі биыл кеңінен ұлықталмақ. Мамырда Ақкөл қаласында батырдың құрметіне сквер ашылып, оның төріне биіктігі шамамен 6 метр болатын қола ескерткіш орнатылады. Ал 7 мамырдан бастап 20 бөлімнен тұратын «Әскери ант» телехикаясы көрерменге жол тартады.

– Алматыда әскери жаяу институтының базасында 40 минуттан 20 сериялық фильм түсіріліп, тәмамдалып қалды. Осы кісінің өмір жолымен бірге жас курсанттың өмір көрсетіледі. Сондай-ақ 3 кітабы қайта басылып шығады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бар, орындалып жатыр, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев.

Мемлекет басшысы «ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді» деді. Іс-шаралар бүгін Алматыдағы орталық мемлекеттік музейінде басталды. Оның аясында «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрме ұйымдастырылған.

– Көрменің мақсаты – Мемлекет басшысының терең мағыналы мақаласында қозғалған, яғни Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев сынды ел азаматтарынның көрсеткен ерлігін кейінгі ұрпақтың санасында жаңғырту арқылы оларды тәрбиелеуге берген негізгі ұсынысын жүзеге асыру, – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова.

Көшпелі көрме 31 қаңтарға дейін жалғаспақ. Еліміздің 10 қаласын аралайтын  іс-шара 3 кезеңді қамтиды.

Атап айтсақ, батырдың соғысқа дейінгі өмірбаяны, одан соң Ұлы Отан соғысы жылдары және соғыстан кейінгі кезең, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі кезеңіндегі өмірі көрсетіледі. Көрмеге даңқты тұлғаның жеке заттары, бұрын жарияланбаған фотосуреттері, құжаттары қойылған.

– Сағадат Нұрмағамбетовтің қызмет жолы ғана емес, ол кісінің жаңағы күнделікті өмірден де фотосуреттері бар. Ол жерде тек батыр емес, жай ғана ата, өмірдегі азамат ретінде тамашалауға болады, – деді ҚР Қарулы күштері мемлекеттік әскери-тарихи музейінің қызметкері Дәулет Қадыров.

Биыл Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың да ғасырлық мерейтойы. Айтулы дата аясында да бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Кешенді жоспар Үкіметке жолданды. Ауқымды жұмыс барысында барлық гарнизонда әскери қызметкерлердің, Қарулы күштер ардагерлерінің, әскери-патриоттық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кездесу, дөңгелек үстел өтеді деп жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қоғам белсенділері Мемлекет басшысының сұхбатына пікірін айтты

Новости партнеров