Енді бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді – Үкімет арнайы жоба бекітті

18.01.2022 23:04

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған

Almaty.tv

Енді бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді, жанар-жағармай, мал өнімдері мен көкөністердің экспортқа шығуына тосқауыл қойылады. Бүгін Үкімет Президенттің тапсырмасына сай елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі жоспардың жобасын бекітті. Құжат қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, бағаны реттеу, халық пен пен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері секілді 51 іс-шарадан тұрады. Сонымен қатар Үкімет отырысында инфляцияны төмендету, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілетіні айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын таныстырды. Оның мәліметінше, барлық сала бойынша 51 іс шара қарастырылған. Соның ішінде мәселен, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған.

«Бұл іс-шаралар сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қамтиды. Халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көзделген», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Үкімет сұйытылған газ бағасының күрт өсуін шектейтін шаралар қабылдады. Бұдан былай сұйытылған газды электрондық сауда-саттықтан тыс өткізетін болады. Екіншіден, сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасын төмендету жөнінде бұйрық бар. Оған сәйкес газдың бір тоннасы 28 мың теңгеге дейін белгіленеді. Ал бензин мен дизель отыны бағаларын реттеу үшін қосымша бак орнатылған көліктердің ел аумағына кіруіне тыйым салынбақ.

«Министрлік Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы көрші елдермен салыстырғанда бағалардың бірдей болмауына байланысты жанар-жағармай материалдары ағындарына бақылау жүргізу бойынша қосымша іс-шаралар ретінде мыналарды ұсынады: өздігінен орнатылған бактары бар көліктің кіруіне тыйым салу; транзиттік көлікпен тәулігіне 1 реттен артық өтуді шектеу; кейбір мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге экспорттық кеден бажын төлемей темір жол көлігімен тиеп-жөнелтуге тыйым салу; уәкілетті органдар тарапынан шекараларда мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салуды бақылауды күшейту», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ Үкіметтің алдында инфляцияны тұрақтандыру мақсаты тұр. Президент Жаңа Қазақстан құруда алдымен осы мәселені шешуге айрықша тоқталған еді. Инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9 пайыздан желтоқсанда 8,4 пайызға дейін төмендеген. Бірақ әлі де жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Экономист Ғалымжан Керімбек инфляция отандық өнімдердің көптігі мен тұтынылуына тәуелді дейді. Сондықтан өз өнімімізді өндіретін кәсіпорындарға барынша қолдау көрсетіп, сөрелердегі импорт тауарларды отандық өнімдермен алмастыру қажет деп санайды. 

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің 11 қаңтардағы Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесінде үлкен бір тың жоспарлар мен тың іс-шаралардың кешенін көрсетіп өтті... + Отандық өнім көлемін біз арттыру керек. Егер бізде өнім көп болып, соған қажетті ақшаның массасы төмен болатын болса, одан инфляцияны төмендетуге болады. Яғни кешегі мәлімдеме бойынша Президент инфляцияның деңгейін 3-4 пайызға дейін төмендетуге 2025 жылға дейін тапсырма берді... + Оған қалай қол жеткізуге болады? Бүгінгі Үкімет отырысында Әлихан Смайылов жеке, бөлшек импорт тауарларына шектеуді тапсырды», – деді экономист Ғалымжан Керімбек.

Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша күн сайын мониторинг жүргізіліп жатқан көрінеді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин көп жағдайда «үйдің жанындағы дүкендер» бағаны негізсіз көтереді дейді.

«Осы дүкендер көбіне 15 %-дық сауда үстемесін сақтамайды. Нәтижесінде, монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті аясында шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Басқа шағымдар құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданады», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.

Инфляцияны төмендету үшін Премьер-министр тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг жүргізуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеу қоюды да жүктеді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан