25 қазан Республика күні Ұлттық мереке санатына енеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров facebook парақшасында жазды.
«Мәжіліс депутаттары Бірінші Президент күнін мемлекеттік мейрам санатынан алып тастауды мақұлдады. 25 қазан Республика күні Ұлттық мереке (ең жоғарғы дәрежелі) санатына енеді»,- деді Ерлан Саиров
Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек»,- деді Мемлекет басшысы.