«Біз, еліміздің әрбір азаматы, мемлекетіміздің тыныштығы үшін әр сөзімізді жауапкершілікпен айтуымыз керек». Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Айгүл Ісмақова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатына орай осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Журналист Жайна Сламбектің Прездентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен болға сұхбатында ашық та батыл сұрақтар қойылды. Сол сұрақтарға Президенттің берген жауабынан түсінгеніміз, қаңтар оқиғалары кезінде мемлекетімізге үлкен қауіп төндірген күштер болған. Қазіргі уақытта комиссия жұмыс істеп жатқаны, ол комиссия жұмысының нәтижесі наурыз айының соңына қарай анықталатыны айтылды. Президент түрлі жорамал, болжам жасамай, сол комиссияның жауабын күтейік деді. Алматыдағы қаңтарда шеруге шыққан жастардың арасына кіріп кеткен арандатушы кім екенін, олардың қайдан келгенін Президентіміз айтпақшы, бір айдан соң еститін боламыз.
Демократиялы жолмен, бейбіт шерумен алаңға шыққан халықтың ниетін арандатушылар жеке мүддесіне пайдаланып кетті. Мен Алматыда 17 жасымнан бері тұрамын. Алматының сондай халге түскені бүкіл алматылықтардың жүрегіне түскен үлкен сызат деуге болады. Алматылықтар – бейбітшіл халық», - деп атап өтті ғалым.
Айгүл Ісмақова қазіргі таңда мемлекеттік билікке сенім білдіріп, арнайы комиссия жауабын күтуге шақырды.
«Осы оқиғаға дұрыс баға берілуі үшін, ұрпағымыздың келешегіне қауіп төнбес үшін еліміздің әрбір азаматы, жоғарғы билікте отырған тұлғалардан бастап, такси жүргізушісіне дейін әр сөзімізге ие болып, жауапкершілікпен сөйлегеніміз дұрыс. Ол тек билікке ғана емес, бәріміздің өмірімізге төнген қауіп болды. Ал қазіргі уақытта елдің көңілі аз да болса орнықты деуге болады. Сондықтан комиссияның жауабын күтіп, әліптің артын бағуға тиіспіз. Мемлекеттік билікке сенуіміз керек. Үкімет комиссиясының шешімін күтуге тиіспіз.
Қаңтар оқиғаларында жазықсыз оққа ұшқан жандардың отбасыларына, жақындарына қайғырып көңіл айтамын», - деді А. Ісмақова.