Қоқыс тастағандар жауапкершілікке тартылады: Алматыда “Таза қала” акциясы өтіп жатыр
Алматыда қала көшелеріндегі тазалық пен санитарлық талаптарды сақтауға бағытталған “Таза қала” акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Профилактикалық іс-шаралар барысында патрульдік және саптық бөлімшелердің қызметкерлері көлік жүргізушілері мен жолаушылары тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтап жатыр. Атап айтқанда, көлік терезесінен қоқыс тастау, жолдың жүріс бөлігін және оған іргелес аумақтарды ластау, сондай-ақ санитарлық талаптарды бұзу фактілеріне назар аударылады. Жыл басынан бері Алматыда осындай 32 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, заң талаптарын бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылды.
Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Қылышбаевтың айтуынша, мұндай әрекеттер қаланың тазалығы мен санитарлық жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігі маңызды.
— Қаланың тазалығы әр адамның қарапайым әрекетінен басталады. Көлік терезесінен қоқыс тастау бір қарағанда елеусіз әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай жағдайлар қала тазалығына кері әсер етеді. “Таза қала” акциясы аясында қызметкерлеріміз құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесумен қатар, жүргізушілер мен жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде, – деді Дархан Қылышбаев.
Полиция акцияның мақсаты тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, олардың алдын алып, тұрғындардың қоршаған ортаға және қоғамдық орындарға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру екенін атап өтті. Таза қала — әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады.