Серікзат Дүйсенғазы: Зиялы қауым Президент бастамаларын халыққа дұрыс түсіндіруі қажет

18.02.2022 20:24
stan.kz

Айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы Президенттің «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына берген сұхбатына орай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Президенттің іске асырып жатқан жоспарларының дұрыс екендігіне кешегі «Qazaqstan» ұлттық телеарнасындағы сұхбат барысында көз жеткізе түстік. Кей адамдардың оны кері бұрып жатқаны да, әр нәрседен ілік іздеп отырғаны да бар. Бірақ, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты дұрыс. Сұхбат барысында қаңтар оқиғасына қатысты көп жайт тергеу бітпей ашық айтылмайтындығы атап өтілді. Дегенмен, негізгі мәселелер егжей-тегжейлі қозғалды. Сондықтан Президент атап өткен негізгі бағыттарды зиялы қауым өкілдері халықтың ортасында, көпшіліктің арасында дұрыс түсіндіріп, қолдау көрсетуі керек», - деді айтыскер ақын.

Оның атап өтуінше, зиялы қауым өкілдері қашанда қоғамның бастаушысы, қозғаушысы болып келеді.

«Зиялы дегеніміз кім? Зиялылар үлкен жазушылар мен ақындар деп қана қабылдауға болмайды. Олардың ішінде ғалымдарды, жалпы, әр саладағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды, әдебиеттің іргелі бағыттарын меңгерген азаматтарды зиялы қауым дейміз. Енді осы зиялы қауым не істеуі керек? Зиялы қауым қашанда мемлекеттің дұрыс бағытта дамуына, халықтың атқарылып жатқан жұмыстардың дұрыс түсінуіне атсалысуы керек. Дұрыс-бұрысының аражігін ажыратып, жұртшылыққа жеткізіп отыруы қажет», - деді Серікзат Дүйсенғазы.