Президент кәсіпкерлерге мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі қажет деді
Бизнесті қорғау тетіктерін күшейту қажет. Президент кәсіпкерлерге мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі қажет деді. Сондай-ақ, елімізде «қамқоршылар» мен рейдерлікке жол бермеу мәселесін тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Егер кәсіп әділ әрі таза жұмыс істеуге дайын болса, оларға қашанда барлық қолдау болатынын атап өтті. Президент ескі тәсілдерге жол беруді тоқтатып, құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерді сынға алды.
«Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды бола бермейтін әрекеттердің жүзеге асырылуына септігін тигізгені жасырын емес. Бұл – үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін қалыптастырды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің жер телімдеріне қол жеткізу жүйесі мен рәсімдерінің тиімділігін сынап, Үкіметке осы мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Оның айтуынша, жобаның нәтижелі іске асырылуы жер телімдерін алуға өтініштерді беру мен қарастырудың автоматтандырылған тетігін жедел енгізуге мүмкіндік береді. Президент бұл жүйені осы жылдың соңына дейін іске қосуды міндеттеді.
«Елден 10 мың доллардан астам сомадағы қолма қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынды. Осы және басқа да шаралар Ұлттық валюта бағамын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге ауыл шаруашылығына көктемдегі егіс жұмыстарын қаржыландыру екі есе ұлғайтылып, 220 миллиард теңгеге дейін жеткізілді», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.