Д. Қамзабекұлы: Президент ұсынған Ұлттық құрылтайда тарихи тәжірибе мен қазіргі сындарлы ізденістер сарапталады
Наурыз айындағы Жолдауында Президент мемлекеттік мүдде жолында этностардың ұйысуын «ауқымды өзгерістердің жүруін тездететін» фактор ретінде байыптады. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ғалым Дихан Қамзабекұлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғалымның пікірінше, Жаңа Қазақстан үшін ел бірлігі мен мемлекетшілдік – маңызды іргетас. Жаңа Қазақстанның мәні айқындалды: ол, біріншіден, елдік қауіпсіздікті қанағаттандыратын, екіншіден, азаматтардың әлеуметтік бастамаларын қолдайтын кешенді реконструкция, қайта құрылымдау.
«Жалпы өзгеріс тетігі – білім мен ғылымда. Бұл ретте зиялы қауым, әсіресе, білім-ғылым саласы мамандары Президент бастаған реформалардың маңызын жете түсініп, оны кәсіби құзыреті деңгейінде жүзеге асыруға даяр. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «жалған табыстарға масаттанбаймыз, көзбояушылыққа бармаймыз» деген елдік ұстаным баршамызды ойландырып, нақты істерге жол ашады», – деді Д. Қамзабекұлы.
Халқымыздың «Жауды жеңген – жарты батыр, өзін жеңген – шын батыр» деген мың жылдық ата сөзі бар. Бұл «елің үшін, өзің үшін, ұрпағың үшін түзел, әрекет ет» дегенді білдіреді.
Қазақ елінің дәстүрлі береке-ынтымағы мен тағдыр қосқан этнос өкілдерінің парасаты мақтаныш тұтарлық, бірақ қазіргі сын-қатерлер бұл береке мен парасатты толықтыруды, байсалды, баянды етуді талап етеді. Осы ретте Мемлекет басшысы ұсынған Ұлттық құрылтайда тарихи тәжірибе мен қазіргі сындарлы ізденістердің сарапталуына сенім білдірді ғалым.
«Бірінші ұстанымымыз – сан ғасырлық мемлекетшілдік арқауымыз, екінші ұстанымымыз әрқашан елді ұйыстыруға себепші тіл мен дәстүрдің алтын қазығы – қазақ ұлтының даналығы десек, бұл тезис те әлемдік үйлесімділікке сәйкес келеді», – деді Д. Қамзабекұлы.