Алматыда Республика күніне арналған іс-шаралар 20 қазан күні сағат 11:00-де Мемлекеттік қуыршақ театрындағы «Аlmaty puppet festival» I Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің салтанатты ашылуымен басталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Фестиваль 24 қазанға дейін жалғасады, жас көрермендерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сонымен қатар, алыс-жақын шетелдерден – Өзбекстан, Польша, Болгария, Грузия, Түркиядан келген театр ұжымы өнер көрсетеді.
Республика күнін тойлау аясында қалада бірқатар басқа іс-шара өтеді:
- 21 қазан сағат 10:00 - де қаланың барлық ауданында еріктілер фронт кеңсесімен бірлескен «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» экологиялық сенбілігі өтеді. Сенбілік аясында қала аумағын тазарту, рекреациялық аймақтарды, саябақтарды, скверлерді, аула аумақтарын жинау, сонымен бірге жаппай ағаш отырғызу жоспарланған.
- 23 қазан сағат 15:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында дәстүрлі әншілердің қатысуымен «Байтақ елім, Қазақстан» патриоттық мерекелік концерті өтеді. Сонымен қатар, Жамбыл атындағы филармонияда этномәдени бірлестік шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт өтеді.
- 24 қазан сағат 10:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтеді.
Негізгі мерекелік концерт Республика күніне орай сағат 15:00-де Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен Республика сарайында өтеді. Бұған қоса, сағат 17.00-де Құрманғазы атындағы консерваторияда оқу ордасының жетекші ұжымдары мен солистерінің қатысуымен «Жасай бер, Қазақ елі» атты салтанатты концерт ұйымдастырылады.
Республика күні, 25 қазанда сағат 11:30-да «Медеу» БТСК-да мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан Әнұранын жаппай орындау салтанатты рәсімі өтеді. Іс-шараға қала жастары, қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысады. Сонымен қатар, сол күні сағат 11:00-де Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Ел өркенін өсірген азаттық» тақырыбында квиз және «Декларация –тәуелсіздікті бекітудің алғашқы қадамы» көрмесі өтеді.
Республика күні – 25 қазан күні сағат 11:00-де Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Ел өркенін өсірген азаттық» тақырыбында квиз және «Декларация – тәуелсіздікті бекітудің алғашқы қадамы» көрмесі өтеді.
25 қазан сағат 14:00-де Көктөбе саябағында «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымының қатысуымен «Жасай бер мәңгі – Қазақстаным» атты мерекелік концерт өтеді. Осы күні Қазақ мемлекеттік циркінде сағат 16:00-де Республика күніне және атақты клоун әрі сиқыршы, цирк әртісі Кәрім Мұтырғановтың 70 жылдығына орай бенефис ұйымдастырылады. Қонақтарға акробаттар, әуе гимнасттары, жонглерлер, эквилибристер, иллюзионистер мен сайқымазақтар қатысатын шоу-бағдарлама ұсынылады.
Бұған қоса, 25 қазанда сағат 20:00-де Астана алаңында Республика күніне орай мерекелік отшашу болатынын хабарлаймыз.
Республика күнін тойлау аясында суреттер мен фотосуреттер көрмелері, дөңгелек үстелдер, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, флешмобтар, спорт фестивальдері, турнирлер, марапаттау рәсімдері, зияткерлік ойындар мен акциялар өтеді. Республика күніне орай өткізілетін өзге де іс-шара туралы қосымша хабарланады.
Оқи отырыңыз: Оразалы Сәбден декларацияның қалай қабылданғанын айтты