Еліміздің барлық аймағында «Тілектер шыршасы» орнатылды
Дәстүр бойынша Жаңа жыл қарсаңында еліміздің барлық аймағында «Тілектер шыршасы» орнатылады. Сол жерге балалар өз тілектерін жазып қалдырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл аталған жоба аясында Мемлекет басшысының атына Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген хат келіп түсті, соның ішінде көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалардан 100-ден астам тілек жолданды.
Бүлдіршіндер өз хаттарында велосипед, домбыра, компьютер, жазғы лагерьге жолдама және басқа да заттарды сыйлыққа алуды, тіпті Астанаға келіп, «Ақорда» резиденциясын аралап көруді сұраған.
Балалардың хатына жауап берген Президент оларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ бұл ертегідей ерекше мереке екенін атап өтіп, бүлдіршіндерге өз атынан арнайы сыйлықтар жіберді.
Мемлекет басшысы балаларды білімге құштар болуға, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға, табиғатты аялауға және жақсылық жасауға шақырды.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығына барды