Ұлттық рәміздер аллеясы: Ұлытау облысындағы жобаға қанша қаржы бөлінді

21.11.2023 21:12

Жоба келесі жылы қолданысқа берілмек.

Almaty.tv

Ұлытау облысында құрылыс қарқын алып келеді. Президент пәрменімен жеке шаңырақ көтерген өңірдің алдағы 5 жылдыққа арналған даму жоспары бекітіліп, сан салаға басымдық берілген еді. Соның бірі – тұрғын үй құрылысы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлытау облысы құрылғалы өңірде құрылыс нысандары көптеп бой көтере бастады. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен жалпы ауданы 42,4 мың шаршы метрді құрайтын 610 пәтерлі 12 тұрғын үй салынбақ. Оның үшеуінің құрылысы 2022 жылы басталған.

– Жезқазғанда жеке инвистиция есебінен «Самға» ЖШС және «Астана премиум» ЖШС мердігер ұйымдары 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастады. «Самға» ЖШС Ұлытау ауданындағы Абай көшесінде 3 тұрғын үйдің құрылысын салып жатыр, – деді Құрылыс басқармасы Капиталды құрылыс және жобалық-сметалық құжаттама бөлімінің басшысы Аслан Шубаев.  

Аймақта тұрғын үй құрылысынан бөлек, облыстық және аудандық бюджет есебінен спорттық нысандар да салынып жатыр. Ұлытау ауданында Президент пәрменімен қолға алынған жобалардың тағы бірі – Ұлттық рәміздер аллеясы. Құрылысқа бөлінген қаражат көлемі 594 млн теңгені құрайды. Жоба келесі жылы қолданысқа берілмек.

– Құрылысты осы жылдың қыркүйекте бастағанбыз, келесі жылдың мамырында тапсырамыз. Бөлінген ақша көлемі 594 млн теңге, ал осы жылы игеруге 300 млн теңге берілді. Таңбалы тастың скульптурасы Алматыда жасалып жатыр, – деді жоба басқарушысы Батырбек Олжабекұлы.

Ұлытау облысы құрылыс басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, Президент тапсырмасы аясында Жезқазғандағы «Өркен» мектебі жанынан 200 орындық жатақхана құрылысы да жүріп жатыр. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Алтынгүл Төлегенова, Нарқыз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Ганди паркі жаңарды