Оның айтуынша, Тәуелсіз еліміздің болашағы білімді де білікті, сауатты және патриот жастардың қолында
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатына қатысты Сулейман Демирель атындағы университет ректоры Давронжон Гаипов пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, Тәуелсіз еліміздің болашағы білімді де білікті, сауатты және патриот жастардың қолында.
«Өскелең ұрпаққа ХХI ғасырға сай дәйекті білім мен тәлім-тәрбие беріп, еңбекке баулып, тұлғалық болмысын қалыптастыру аға буын өкілдерінің тікелей міндеті деп білем. Оның ішінде әлемдік бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, шет елде білім алған азаматтарды елімізде қызмет етуге деген сүйіспеншілігін арттыру тікелей білім ордаларының қызметінің сапасына байланысты.
Сулейман Демирель атындағы Университеттің 25 жылдық тарихына сүйене отырып, елімізде қызмет атқарып жүрген және жоғары біліктілік, жауапкершілік, білімдарлық көрсетіп жүрген түлектеріміз аз емес екені қуантарлық жағдай. Өйткені, біз оқытушылықтағы озық технологиялар мен инновациялық идеяларға, жаңалықтарға ашық, сұранысы жоғары түлектер шығаруды көздеп келеміз.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының сұхбатындағы білікті мамандар даярлауға қатысты ой-пікірі біздің университетіміздің басты ұстанымы мен іс-әрекеті сай келетініне тағы да көз жеткізіп отырмыз. Біздің құндылықтар – адамзат өмірін, экономиканы жақсартуға, ұлтына қызмет етуге дайын жаңашыл, өз саласында кәсіби біліктілігі жоғары мамандарын тәрбиелеу мен білім беруге негізделеді», – деді Сулейман Демирель атындағы университеттің ректоры Давронжон Гаипов.