Атырау облысында балық өсіретін 7 шаруашылық ашылады. Оның құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балық шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығына тоқталып, нақты тапсырма жүктеген еді. Қабылданған бағдарламалар шеңберінде 2030 жылға қарай елімізде балық өсіру көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – Атыраудағы ең ірі балық зауыты. 30 түрлі су маржанын өсіретін кәсіпорын жылына мың тонна өнім дайындайды. Өндіріс толық автоматтандырылған. Жоспар да жоқ емес. Президент Жолдауындағы міндеттерге сай, енді өнім түрлерін көбейту үшін тағы бірнеше жобаны іске қосу жоспарланған.
«Президент тапсырмасы бойынша бірнеше жұмыс орындалып жатыр. Біз балықты аулап оны өңдеумен ғана шектелмей, өсіруіміз керек. Қазір осы бағытта қарқынды жұмыс атқарып жатырмыз», – деді зауыт директоры Қарлығаш Утепова.
Атырауда қазір 11 балық шаруашылығы бар. Өнімнің шамамен 50 пайызы шетелге экспортталады. Негізгі тұтынушылар – Ресей, Иран, Әзербайжан. Ішкі нарықта да сұраныс жоғары. Қазір тауарлы балық өсіруге ден қойылып отыр. Өнім көлемін 400 тоннаға дейін жеткізу көзделген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бірнеше жобаны қолға алдық. Олардың екеуі іске асты. Балық санын көбейтіп, экспорт көлемін нығайтамыз деген жоспар бар», – деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Аймақтағы балық шаруашылығы өндіретін өнім көлемі 70 пайызға жетті. Салада жаңа жұмыс орындары ашылып, оған жас мамандар тартылып жатыр. Жұмысшылардың дені - жергілікті тұрғындар.
Оразай Нұртай, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы