Бүгін Алматыда қала әкімінің қатысуымен қоғамдық институттың 24-сессиясы өтті
ҚХА-ның жұмыс істеу форматы өзгермек. Енді ассамблея азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды нығайтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Алматыда қала әкімінің қатысуымен қоғамдық институттың 24-сессиясы өтті. Онда «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» стратегиясы шеңберінде алдағы уақытқа арналған міндеттер талқыланды. Ассамблеяның қызметі қорытындыланды. Биыл ұйымда аналар кеңесі, жастар клубы сияқты жобалар нәтижелі жүзеге асқан. Соның аясында этно-мәдени бірлестіктер қайырымдылықпен, медиациямен айналысқан. Жыл сайын әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға азық-түліктер таратылып, мұқтаж жандарға 100 бірлік есту аппараты үлестіріледі. Енді қоғамдық ұйымның жұмысын әрі қарай дамыту үшін жастар көптеп тартылып, ақпараттық қолдау көбейеді деп күтіліп отыр
«Жастарды үйрету керек. Осы жұмысты 5-6 ай бұрын бастағанбыз. Ассамблея ішінде өзіміздің жастар клубы бар. Солар қазір медиада, интернетте өзінің жасаған жұмыстарын жетілдіріп жатыр», – деді ҚХА мүшесі Зәкіржан Күзиев.