Алматыда «Өнер барысы» өтті. Елге танымал адамдар мен актерлер, әншілер мен әлеуметтік желі жұлдыздары қазақ күресінен бозкілемде бақ сынасты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақсат – қазақ күресін кеңінен насихаттау. Жоба биыл алтыншы рет өтіп отыр. Бұған дейін өнер палуандары кіммен белдесетінін жеребе арқылы анықтаса, биыл түрлі салмақ дәрежесіне қарай алдын ала жұпталды.
– Аламан бәйге, палуандар күресі және ақындар айтысы десе, «ішкен асын жерге қоймайтын» қазақ жоқ. Ең алғашында салмақ дәрежесінде күрескен болса, кейін командалар арасында жарысты. Бүгін UFC форматында өткізіп отырмыз. Идея бүлдіршіндер палуан болуға, ержүрек азамат ретінде елін қорғауға талпынса деген ниеттен туындап отыр, – деді жоба авторы Балғынбек Имашев.
Биыл алғаш рет өнер жұлдыздарынан бөлек, кәсіби спорт шеберлері де шақырылған. Олардың қатарында ережесіз жекпе-жектің чемпионы Қуат Хамитов пен қырғызстандық Ислам Егембердиев бар. Жалпы 10 кездесу өткізілді. Жеңімпаздар алтын және күміс медальмен және басқа да бағалы сыйлықпен марапатталды.
– Мен кішкентай кезімде күрестім. Бірақ үлкен аренаға шықсам деген арманым болды, орындалып жатыр. Екіншіден, өскелең ұрпақ әртістерге қарап еліктейді. Бұл – үлкен жоба деп ойлаймын, – деді актер Сырымбет Бибосынов.
– Амангелдіні танимын. Өнер майданында жүрміз. Бүгін бозкілемде белдесу бұйырыпты. Амангелді аса қатты күресіп жатқан жоқ. Мүмкіндікті пайдаланбады, – деді актер Назар Шархан.
Оқи отырыңыз: Республика күні: Алматыда спорт фестивалі өтті