Жаңа Қазақстан олигархиясыз, жемқорлықтан ада мемлекет болуы тиіс – сарапшылар

Жаңа Қазақстан олигархиясыз, жемқорлықтан ада мемлекет болуы тиіс – сарапшылар
Мамандар көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық жойылса, әділ әрі адал мемлекет бола алатынымызды айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа Қазақстан – олигархиясыз, жемқорлықтан ада мемлекет. Мамандар ең алдымен, осы проблемалармен күресу керек деп санайды. Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлының пікірінше, Жаңа Қазақстан – әр азаматтың проблемасына мән беретін ел, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сол сияқты азаматтар да заң талабы мен құқықты сақтауы тиіс дейді ол. Әділетті сот және кез келген азаматтың мүддесін қорғайтын құқық жүйесін орнату қажеттігін айтты. Сондай-ақ билік пен халықтың өзара жауапкершілігі болса, еліміздің серпінмен дамитыны сөзсіз деген пікірін білдірді.

«Тарихи оқиғалардан кейін бүгінгі қазақ баласы не істеуі керек? Яғни, мемлекеттің ұстанған саясатында ең бірінші тәуелсіздікті алдыға қойып, экономикалық саясатты алға шығарып отырмыз. Жалпы, қазіргі басшылық «халықтың байлығы – халыққа» деген ұстанымды айтып жатыр. Бұған сену керек. Өйткені сенімсіздік адам бойына күдік ұялатады. Күдік бар жерде күмән туады. Ал күмәнді дүниеде адам екіойлы болады. Сондықтан күмәнді сырып тастап, билікке сенім арту керек», - деді ҚР Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.

Ал экономист Сапарбай Жобаевтің пайымдауынша, егер көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық болмаса, онда біз әділ және адал мемлекет бола аламыз. Бюджет те жөнімен жұмсалады, ал бұл дегеніміз әлеуметтік дамудың белгісі. Сонымен қатар, экономист еліміздегі мемлекеттік меншікті азайту керек деп есептейді.  

«Мемлекеттік меншіктегі әкім қараларға, министрлерге, олигархтарға тиесілі кәсіпорындарды, жерді, ғимараттарды біз жекеменшікке беруіміз керек. Сонда жекеменшік кәсіпорындағылардың мемлекеттік сатып алулар мәселесінде жемқорлыққа жол берілмейді. Себебі ол – өзінікі. Ал енді мемлекеттікі болса, қажет дүниесін бюджеттен алып төлей беруі мүмкін», - деді экономист Сапарбай Жобаев.

Новости партнеров