Қанды қаңтар оқиғасы тәуелсіз ел тарихында айрықша құбылыс болды. Бұл – жаңа дәуірге жол ашқан бетбұрыстың белесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осы өзгеріске ерекше тоқталды. Ұлт тұтастығы мен мызғымас тыныштықтың кепілі бірлік екенін басып айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаңтар оқиғасы тарихта тайға таңба басқандай із қалдырған кезең болды. Ел тұтастығы мен бірлігі сыналған сәт қоғам үшін де, мемлекет үшін де үлкен емтихан іспетті. Президенттің батыл шешімі болмаса, елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгерер еді. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сұхбатында ашық айтты. «Біз бір ел болып, бұл дағдарысты еңсердік» деді Президент. Ендігі заң мен тәртіп үстемдік құру тиістігін алға тартты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін».
Бұл кезең елде Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік жүйе құрудың ауадай қажет екенін айқын көрсетті. Осылайша елдегі саяси реформа түбегейлі өзгерді. Президент бастамасымен Конституциялық сот қайта қалпына келді. Мәжіліс жаңа сайлау жүйесімен, партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақталды. Қауіпсіздіктен бөлек, әділ әрі бәсекелі экономика жүйесін қалыптастыру – алдағы бір міндет. «Мемлекет басшысы айтып өткен нұсқаулар еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз» деп санайды сенатор Бибігүл Жексенбай.
– Осы тұста мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатына осындай бағдарлама берілуі өте дұрыс. Елдің ішкі мәселелерінде неге назар аудару керек, сыртқы саясатта қандай дүниелер жасалатындығы айтылған. Соның ішінде биыл өтетін халықаралық деңгейдегі шараларға ерекше тоқталып өтті, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай.
Сұхбатта ой салған тағы бір сөз – тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың тыйылуы. Қоғамда бұл кеселдің жолын кесу үшін қазір арнайы жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Мақалада Президент осы мәселеге де тоқталып өтті. Әр қазақстандықтың бас амандығы маңызды екенін алға тартты. Енді отбасының шырқын бұзғандарға заң қатаңдатылады.
– Президенттің айтқан ұсыныстарын толық қолдаймын. Әсіресе зорлық-зомбылыққа қатысты. Зорлық-зомбылық деген еш уақытта халқымызды көгертпейтін жағдай. Бұл – қай кезде де халқымыз үшін тажал. Сондықтан да осыған қатысты шығарылып жатқан заң мені ана ретінде, ұстаз ретінде қуантады, – деді Қазақстанның еңбек ері Аягүл Миразова.
Президент айтқан тағы бір маңызды міндет – елдің экономикалық өсуі. Өткен жылы Әділетті Қазақстанның жаңа бағдары жарияланды. Ол бойынша алдағы 5 жылда ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттыру керекпіз. Межелі міндетке жету үшін жекешелендіру және активтерді қайтару бастамасы оң септігін тигізеді. Инвестиция тарту ісі іркілмесе, көрсеткіш те көңіл қуантары айқын.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады