«Жастардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды». Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел Президенті санасы сергек, ойы ұшқыр жаңа буыннан шыққан азаматтарға көп мүмкіндік берілетінін тілге тиек етіп, өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастағанын жеткізді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берді».
Қазақ қай уақытта болсын, жас буынға иек артып, өскелең ұрпақтың әлеуетіне зор сеніммен қарайтыны аян. Содан болар, егемен ел болғалы 33 жылдан бері «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заң бірнеше рет қабылданды. Соңғысы былтыр көктемде жаңартылып, 1 наурыздан бастап толық күшіне енді. Ел Президенті де өз сұхбатында жастардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын бірқатар кешенді шара қабылданғанын айтты.
– Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының сұхбаты жастардың арасында талқыланып жатыр. Мәселе – жас кадрларды даярлау. Біздің жас мамандарды даярлау процесіне кәсіби мамандармен бірге жұмыс істеу маңызды деп ойлаймын, – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.
Айта кетейік, кешенді шаралар аясында президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады. Алайда Президент «жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді» деді. Әрине менмендігі мен өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі де кейде олардың өз қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіретінін айтты. Сондай-ақ Президент сұхбатында өңірлерге барғанда өзін сән-салтанатпен қарсы алғандарын құптамайтынын жеткізді. Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерді қыруар қаржы шығындау деп бағалап, өңір басшыларынан мұны тоқтатуды сұраған.
– Президентіміз сұхбатында айтқандай, өңір басшыларына гүлмен қарсы алуға, аста-төк дастарқан жаюға, думандатып концерт, шоу өткізуге тыйым салуы маған ұнады. Мұның бәрі – артық шығын. Осындай жұмыс дағдысы қалыптасады деп сенемін, – деді қалалық мәслихат депутаты Қарашаш Жүзеева.
Сондай-ақ сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясат та Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Президенттің айтуынша, биыл елімізде бірқатар ауқымды саммит пен форум өтеді деп жоспарланған. Қазақстан осы жылы бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық етпек.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Сарапшылар Мемлекет басшысының сұхбатына пікір білдірді