Аймақта қатерлі ісік дертіне шалдыққан 10 мың 617 науқас диспансерлік есепте тұр
Республика күні қарсаңында «Қазақстан халқына» қоры Алматы облысына онкологиялық скринингке арналған жылжымалы медициналық көлік табыс етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
OPTIMA деп аталатан жылжымалы кешен томосинтез функциясы бар сандық маммографиялық құрылғылармен жабдықталған.
Айта кету керек, мұндай медициналық жабдық Қазақстанда алғаш қолданысқа беріліп отыр. Іс-шараға Алматы облысының әкімі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басшысы және еліміздің бас штаттан тыс онкологы қатысты.
Алматы облысында қатерлі ісік дертіне шалдыққан 10 мың 617 науқас диспансерлік есепте тұр. Бұл көрсеткіш биылдың 8 айында тағы 1 мың 342 адамға толыққан. Сондықтан сала мамандары ауыр індеттің алдын алу үшін тексерістің аса қажет екенін айтты. Сол себепті де аталған көпфункционалды кешеннің көмегі көп.
– Медициналық кешеннің Кеген, Райымбек, Балхаш аудандарындағы әйелдердің сүт безі ісігін анықтап, алдын ала аурудың асқынып кетпеуіне пайдасы зор, – деді Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының директоры Саяхат Олжаев.
Озық үлгідегі медициналық кешен екі көліктен тұрады. Оның біреуі 128 кесінділік компьютерлік томографпен, екіншісі цифрлық маммографиялық және ультрадыбыстық зерттеу аппаратымен жабдықталған. Екеуі де Жапонияда жасалған. Тіпті арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі науқастарға да көмегін тигізе алады.
– Әрбір ауданда көлік бір аптадай тұрады. Алматы облысында жол жаман емес. Қар жауып кетпесе, 3-4 ауданды аралауды деп жоспарлап отыр. Бізде 398 медициналық нысан бар. Оның 340-ы –мемлекеттік, 58-і – жекеменшік. Ауылда ультрадыбыстық, маммограф жоқ, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаева.
«Денсаулық жолы» жобасы аясында пилоттық режимде іске қосылған бұл кешінді Президент бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырып отыр. Медицина мамандарының мүлтіксіз қызмет етуіне ықпал ететін құралдар еліміздің басқа да өңіріне жол тартпақ.
– Бүгін – өте маңызды күн. Көп күткен жылжымалы медициналық онкологиялық скринингке арналған комплекс келді. Осындай комплексті Алматы аймағына ғана емес, Қызылорда және Ақтөбе облысына алдық, – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.
– Екі медициналық кешен ауылдарға барады. Ауыл тұрғындарының аурудың алын алу үшін тексеріле алады. Облыс көлемінде есепте тұрғандар да бар, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Айта кету керек, Алматы облысы – Қазақстанның ірі өңірінің бірі. Аймақта 1,5 миллионнан астам адам тұрады. Көпфункционалды кешен келесі аптадан бастап, Алматы облысындағы шалғай елдімекендерге жол тартпақ.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» теларанасы