|
26.01.2022 | 18:49
3998

Жаңа инвестициялық саясат – Қазақстан экономикасы дамуының негізі – сарапшылар

Қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа инвестициялық саясат әзірлеуде

Жаңа инвестициялық саясат –  Қазақстан экономикасы дамуының негізі – сарапшылар Фото: inform.kz

Президенттің инвестициялық саясатқа баса назар аударуы –  Қазақстанның жаңа экономикалық дамуының негізі. Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтің қатысуымен өткен «Орталық Азия –  Қытай» саммитінде айтқан ұсыныстарына осындай пікір білдіріп жатыр. Мемлекет басшысы шетелдік инвесторларды, оның ішінде қытайлық серіктестерін одан әрі жан-жақты қолдауға мүдделі екенін жеткізген болатын. Қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа инвестициялық саясат әзірлеуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

  

«Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының зор қарқындылығымен, жоғары сенімге және шынайы тату көршілікке негізделуімен ерекшеленетінін атап өтті. Бүгінде екіжақты сауда жаңа рекордтық деңгейге жетіп отыр. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 17 миллиард долларға жеткен. Қытайдың Орталық Азия елдеріне құйған 40 миллиард доллар инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі.

«Бұл да өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан біздің еліміздің өңірдегі Қытайдың ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналуы заңдылық. Осы мүмкіндікті пайдаланып, шетелдік инвесторларды, оның ішінде қытайлық серіктестерімізді мұнан ары да жан-жақты қолдауға ниетті екенімізді атап өткім келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа инвестициялық саясат әзірлеп жатыр. Мұндай саясат – Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының ажырамас бөлігі», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал сарапшылар Жаңа Қазақстан құруда тек ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, саяси жүйені ретке келтірумен шектелмей, сыртқы саясатты сауатты жүргізу де маңызды деген пікірде. Әсіресе экономиканы көтеруде инвестицияның игілігі көп дейді.

«Бір жол – Бір белдеу» бастамасы бойынша көптеген елдерге инвестиция құйып жатыр. Оның ішінде Қазақстанға тиімділігі бар. Мысалы көлік-логистика жүйесі біздің Қазақстанның жалпы ішкі өнімі құрылымында 8 пайыз құрап отыр. Содан түскен пайда ол экономикаға өзінің үлесін қосып отырады. Инфрақұрылым саласы өте үлкен болғандықтан ол адамдарға жаңа жұмыс орындары болмақ», - деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Алматы қаласында өкілдігінің басшысы Әсел Әбен.

Президент «Орталық Азия – Қытай» өзара іс-қимыл форматының үлкен мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігіне баса мән берді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ортақ мүдделерді ескере отырып, ең алдымен, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін барынша күш салу керек екенін айтты. Оның пікірінше, бұл сауда айналымы құрылымын әртараптандыруды, кедергілерді жоюды, кеден ісін ретке келтіруді және инновациялық шешімдер енгізуді көздейді.

«Қазақстан Қытайға экспортталатын тауар түрлерін 135-ке жеткізуге әзір, оның ішінде ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің ақшалай көлемі 1 миллиард доллардан асады. Осыған байланысты сауда және көлік бойынша өзара бірлескен тәсілдерді әзірлеу үшін министрліктер деңгейінде «Орталық Азия – Қытай» консультациялар механизмін іске қосуды ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қытайдың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде еуразиялық кеңістікте бейбітшілікті, қауіпсіздік пен ілгерілеу ісін нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұл әсіресе, терроризм, экстремизм және трансұлттық қылмысқа қарсы күреске байланысты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айының басында елімізге лаңкестердің асқан қатыгездікпен шабуыл жасағаны туралы айтты. Қазіргі кезде мемлекеттік басқару ісін, ұлттық қауіпсіздік жүйесін және экономикалық саясатты қайта форматтау және реформалау бағытында жұмыс жүргізілуде. Осылайша, жаңа Қазақстан құру ісіне кірісіп кеттік деп атап өтті.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир