|
25.04.2024 | 20:23
1547

Қазақстанда TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін

Мәжіліс депутатары қосымшаны ел аумағында қолдануға шектеу қоюды ұсынып отыр

Қазақстанда TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін elements.envato.com

Қазір қоғам арасында қолданушыларын жас-кәріге қарамай, ән салып, билететін әлеуметтік желіні бұғаттау мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мәжіліс депутатары қосымшаны ел аумағында қолдануға шектеу қоюды ұсынып отыр. Үйдегі баланы жіпсіз байлаған желіні министрлік бүгін-ертең бұғаттамайтынын айтты. Аида Балаева көп көкейіндегі сауал әлі де жан-жақты талқылаудан өтетінін жеткізді.

Астаналық Айжан Өткелбаева - көпшілік арасында блогер деген атқа ие. Әлеуметтік желіні үзбей жүргізіп келе жатқанына 2 жылдан асыпты. Парақшасын белсенді жүргізгеннің арқасында мыңдаған оқырман жинап үлгерген. Қазіргі күні желі ермегі емес, тұрақты табыс көзі. Тілін тапсаң, қосымшаның пайдасын көруге болады дейді. Ал шектеу қоюға мүлде қарсы.

- TikTok-ты қолдануға қарсы емеспін. Себебі, парақшасында барлық қосымшалар бар. Ішінде мэйкап, неше түрлі видеолар бар. Өз басым TikTok-тан Инстаграм желісіне өткен жанмын. Тиктокта менің 38 мың оқырманым бар. Аудитория өздері келіп қосылған. Күнделікті рилс, пост салып отырамын, - дейді блогер Айжан Өткелбаева.

Қосымшаны көбіне жастар қолданады. Ресми дерекке сүйенсек, TikTok әлемдік рейтингте 6-орында тұр. Қосымшаның қолданушылары айына 1,5 миллиардтан асады. Біздің елде де желінің дәуірі жүріп тұр. Әсіресе, үйдегі ұл мен қыз TikTok торынан шыға алмай келеді. Тіпті, тренд түсіремін деп қыршын кеткен жастар да жоқ емес. Сондықтан бала санасын улаған платформаны бүгін-ертең бұғаттау керек деп санайды мәжілісмен Болат Керімбеков.

- TikTok балаларға, әсіресе, жасөспірімдер санасына қатты әсер етуде. Бұл менің ата-ана ретінде, депутат ретінде пікірім. Желіге қатысты мәліметтерді алдымен оқыдым, таныстым. Өйткені қазір балабақшадағы балалардың көбінің тілі шықпай жатыр. Неге? Бұрын балалардың тілі 2-3 жаста шығатын. Желіде балалар көп отырады. Сол үлкен мәселе, - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Болат Керімбеков.

TikTok-тың іске қосылғанына аз болса да, әлемде İnstagram, Facebook сынды әлеуметтік желілерді жолда қалдырды. Қытайлық қосымшаны қолданушылар саны күн санап көбеймесе, азаймай тұр. Әуеніне қосыла ән салып, ырғағына билеп, желіде жұлдыз боп шыға келу әп-сәтте. Әзірге платформаны пайдалануда ешкімге шектеу жоқ. Алдағы уақытта бұғаттау мәселесі қарастырылатын көрінеді.

- Көрші елдердің тәжірбиесін көріп отырмыз. Шынымен де құқықбұзушылық фактілері әлеуметтік желідегі материалдарда көбейіп кетті. Енді оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етсе, әлбетте, осындай шара қабылдауға тура келеді. Бұл шешілген дүние емес. Бұл әрі қарастырылып, одан кейін жалпы талқылауға түсетін сұрақ, - деді  ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Тиктоктың трендінен түспей, рилсқа риза боп желіде жарысып жүргендер көп. Көпшілік жастарды желімдей жабыстырған желіні қауіпті кесел деп санайды. Ресми дерек соңғы екі жылда 14 млн қазақстандықтың тиктокқа тіркелгенін көрсетті. Ең көбі - мектеп жасындағы балалар екен.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана.

Оқи отырыңыз: Білімді мыңды жығады: ҚазҰУ экономикадан олимпиада өтті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир