Алматы облысында автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай, 600-ге жуық бала мектепке бара алмай қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Арнамызға шағымданған тұрғындар қоғамдық көлік иелерінің мұндай қадамға жалақысын ала-алмай жүргені себеп болғанын айтты.
Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын 4 саяжайдан 7 шақырым жердегі мектепке күнделікті балаларды таситын 2 автобус жүргізушісі жұмысқа шықпаған. Себебі бірнеше айдан бері оларға жанар-жағармай ақшасы да, жалақы да төленбеген. Жалға алынған автобусты айдап жүрген олар қарызға белшемізден батып тындық дейді.
- Біраз ақшасын берді. 4 айдан бері жалақымыз төленбеді. Содан кейін жұмысты тоқтаттық. Жанармай, сынған көлікті жөндейтін бөлшек, құятын май-су, барлығы ақша тұрады. Осы күнге дейін береміз деп уақыт оздырып келді, - дейді автобус жүргізушісі Елубай Өзенбаев.
Жетіскеннен саяжайда тұрып жатқан жоқпыз деген ата-аналар баға қорытындылауға таяғанда балалардың мектепке бара алмай қалғаны үшін ашуға булығып отыр. Олардың айтуынша, мұндай мәселенің көтеріліп отырғаны бірінші рет емес.
- Менің 4 балам бар. Төртеуі де мектепте оқиды. Қаншама ата-ана көпбалалы. Бізде тұратындардың 80 пайызында мектеп жасында бала бар. Бір үйден мектепке 8 бала баратын отбасы бар. Бәріміз жетіскеннен саяжайда тұрып жатқан жоқпыз. Үйді арзан болған соң алдық, - дейді саяжай тұрғыны Айгерім Нұрданова.
Тасымалға жауапты мердігер осыған дейін Еңбекшіқазақ ауданына қарасты 4 мектепке қызмет көрсетіп келіпті. Жыл басталғалы қаражат қолыма жүйелі түрде тимеді деп отыр.
- Қаңтар, ақпанда ақша түспеді деді. Наурызда конкурс өтіп, оны ұттық. Қаңтардың ақшасы шотымызға аударылды. Содан бері төрт ай болды. Ақша кешіктіріліп жатыр, - дейді мердігер компанияның жетекшісі Айдын Амангелді.
Білім бөлімінің кызметкерлері бәрі мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы өтіп жатқандықтан, кінәлі тарап жоқ деп санайды.
- Қазіргі таңда бұл кісінің жауапкершілігінде тұр. Егер балаларды таси алмаймын деген жағдайда, өзіміздің ауданның тарапынан бөлінген автобустар бар. Басқа жақтан шешімін табуға тырысамыз, - деді Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің бас есепшісі Жанар Молдыбекова.
Білім мекемесі жұмысын жалғастырып жатыр. Ал қатынап келетіндерге әзірге онлайн оқуға мүмкіндік қарастырылды.
Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпаов, "Алматы" телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Білімді мыңды жығады: ҚазҰУ экономикадан олимпиада өтті