Кәсіпорынның ТМД елдері нарығында да тұтынушысы бар
Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 5 мыңнан астам грант және 4,5 мыңнан астам жеңілдетілген микрокредит берілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген Ораша Мұхатбекқызы – инженерия және көлік институының түлегі. Бала кезінен білім-ғылымға әуес болған ол еңбек жолын мамандығы бойынша инженер-бағдарламашы болып бастайды. Кейіннен қорғаныс өнеркәсібінде жұмысын жалғастырады. Алматының ірі өндіріс-құрылыс компанияларында да белді қызмет атқарады. Осылайша негізгі жұмысынан зейнетке шыққан соң, арнайы құрылыс қаптарын шығаратын зауытқа алдымен есепші болып орналасып, кейіннен басшылық қызметті қолға алған.
– Біріншіден, мемлекеттен қолдау көп болды. Кәсіп бастау үшін жер берген еді. Зауыт салып болған соң, жерді өтеусіз жекешелендіруге мүмкіндік болды. Құрылыс бастау үшін де несие алдық. Қазақстанның барлық аймағында тұтынушы бар. Бүгінде зауыт күнделікті 30-40 мың қап шығарады, – деді кәсіпкер Ораша Сартаева.
Кәсіпорынның елімізде ғана емес, ТМД елдері нарығында да тұтынушысы бар. Зауыт ғимараты – жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған Алматы индустриалды аймағында ең алғаш бой көтерген кәсіпорындардың бірі.
– Еуропадан шикізат уақытында жеткізіледі. Ол станокқа салынып, арнайы қап дайындалады. Бірден тұтынушы алады. Бәрі уақытында. Ораша Мұхатбековнамен 20 жыл бірге жұмыс істеп келеміз. Ол бар қолынан келгенін үйреніп, көмектеседі, – деді компания қызметкері Айдын Үкібаев.
Үш мың шаршы метр аумақта конвейер өндірісі үшін қажетті инфрақұрылым бар. Компанияда жұмысшылар үшін барлық жағдай қарастырған. 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын қаптарды өндіру үшін тасымалдау, сақтау стандарттына сәйкес келетін сапалы, мықты қағаз пайдаланады.
– Жастарға айтар кеңесім – ең алдымен қайсар болу керек, еңбек етуден қашпаған жөн. Аспаннан ақша жаумайды. Жоғары білімі бар көп жас келеді. Бірақ жұмыс істегілері келмейді. Техникалық мамандықты меңгергендер жаңа дүниені үйренуге құштар болуы керек. Сонда ғана жетістікке жете алады, – деді кәсіпкер Ораша Сартаева.
20 жылға жуық уақыт ішінде аталмыш компания Қазақстанның өндірістік нарығында жоғары көрсеткішке ие болып, жетістікке жетті. Кәсібінің нәсібін көріп жүрген маман келешекте зауытты әлі де кеңейте түсу мақсаты барын айтады.
Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес: 860 мың алматылық осы салада жұмыс істейді