Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық қалай жүріп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Додаға 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу еліміз үшін айтулы оқиға болмақ». Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осылай деді. Бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған дүбірлі дода биыл бас қала Астанада өтеді, деп хабарлайдыт Almaty.tv тілшісі.

Көшпенділер ойынын біздің елде өткізудегі мақсат – туризмді дамыту дейді ұйымдастырушылар. Жарысты тамашалауға келетін қонақтарға Көкшетау мен Бурабайдың тұмса табиғатын тамашалауға жағдай жасалады.

Екі жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігі делегациясы IV дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Түркияға арнайы барып, ақжолтай жаңалықпен оралған еді. Келесі ойын бізде өтеді деп сүйіншіледі. Енді дүбірлі дода биыл күзде 8-14 қыркүйек аралығында Астанада ұйымдастырылып, 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

– Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты ақпан айынан бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Құрама командалар қазіргі таңда жасақталды, аздаған іріктеу турнирі өткізіледі. Әлі де жетістігі жоғары спортшыларды анықтағымыз келеді. Өйткені біздің алға қойған мақсатымыз – көшпенділер ойынында бірінші сатыдан көріну, – деді ҚР Спорт және туризм министрлігі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова.

Айта кетейік, әлемдік додада спортшылар ұлттық спорттың туын жықпай, айтулы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш енген көкпарда Қазақстан алтын жүлде еншіледі. Дәстүрлі садақ ату мен жамбы атудан да ел намысын қорғаған жігіттер қоржынға күміс салды. Былтырғы ойын нәтижелері бойынша Қазақстан құрамасының қанжығасында 3 алтын, 3 күміс мен 2 қола бар.

Биыл ұлт тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау қолға алынған. Елім деген бірнеше ердің мерейтойы атап өтіледі. Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батыр Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады

Айтулы датаға байланысты ауқымды зерттеу жүргізуге Президент архиві атсалыспақ. Тарихи көрме ұйымдастырылып, дәйекті һәм деректі құжаттар жиынтығы жарық көреді.

– Президент архивінде тарихи тұлғалардың құжаттары сақталуда. Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке қоры архивімізде сақталған. Республикалық деңгейде әртүрлі шараларды Президент архивіндегі құжаттарсыз өткізу мүмкін емес.  Сәтбаевтың 125 жылдығын атап өту аясында да Президент архивінде 1918 жылдан бері сақталып келе жатқан құжат, мағлұмат кездеседі, – деді ҚР Президенті жанындағы ғылыми және қолтаңбалы зерттеулер орталығының басшысы Қайрат Әлімғазинов.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа».

Мемлекет басшысы маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес екенін айтты.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отвырыңыз: Елімізде дәстүрлі садақ ату спорты қолдауға мұқтаж

Новости партнеров