|
28.12.2023 | 20:59
4092

Тұрғын үй түйткілі: компания мен үлескер арасындағы келісімшарт қандай жағдайда жасалмайды

Президент Үкіметке алдағы 7 жылда маңызды міндет жүктеп отыр

Тұрғын үй түйткілі: компания мен үлескер арасындағы келісімшарт қандай жағдайда жасалмайды Almaty.tv

Елімізде бұдан бұлай тұрғын үй кешені толық салынып бітпейінше, тұтынушылар мен жекеменшік компания арасында пәтерді сатып алу туралы келісімшарт жасау тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы жылға қорытынды жүргізген Үкімет басшысы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел тұрғындарын сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық шаруашылық жүйесін жақсарту мәселесі қашанда министрлік назарынан түскен емес. Жылды қорытындылаған Үкімет басшысы биыл елімізде 15 миллион  шаршы метрден астам көпқабатты пәтер пайдалануға берілгенін айтты.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов құрылысы сағызша созылған нысандар мен үлескерлерге баспананы уақытында тапсырмаған кәсіпкерлердің мәселесі күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Ережені елемегендерге алдағы жылдан бастап жаза күшеймек. Бір елорданың өзінде биыл 16 тұрғын үй анықталған.

– Бүгінде қаламыздың 3 мың 600-ге жуық салымшысы пәтер кілтін алып үлгерді. Қалған 430 отбасы алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында алады деп жоспарлап отырмыз, – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ көпқабатты үйдің құрылысы толық бітпейінше, жекеменшік компания мен тұтынушылар арасында алдын ала келісімшарт жасау тоқтатылуы мүмкін. Үлескерлер тұрғын үйдің іргетасы қалана бастаса болды, шарт жасасып, ақша салады. Ал жекеменшік компания құрылысты межелі уақытында аяқтамай, соңы дауға ұласқан жағдай аз емес. Салдарынан тұрғындар алданып, екі ортада қалып жатады. Үкімет заңға енгізген бұл өзгерістер мұндай олқылықтың алдын алуға бағытталған.

– Биыл республика бойынша 134 мың тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 32 мыңнан астамы жеке тұрғын үйлер. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға артық. 2027 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Ол құрылыс индустриясы саласындағы жалпы құны 1,8 трлн теңгеге жуық 270 жобаны қамтиды, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, елімізде отандық құрылыс материалдарын өндіру де артқан. Биыл 73 млрд теңгеге 41 жоба іске қосылған. Оның ішінде Қарағанды облысында бірінші сұрыптағы әк және Астанадағы асфальт бетонын өндіретін зауыттар бар. Абай облысында цемент зауыты жаңартылды. Сондай-ақ Жетісу облысындағы қыш тақтайша өндірісі қалпына келтірілді. Ал сарапшылар елімізде тұрғын үй салуға жағдай толық жетеді. Десе де бұл бағытта шетелдіктердің әдісіне де жүгіну керек екенін айтты.

– Мемлекет тұрғын үй салушы жекеменшік компанияларға жеңілдіктер жасау керек. Қазір бізде мұндай жағдай жоқ. Мәселен Ресейде мемлекет жерді кәсіпкерлерге тегін береді. Кейіннен олар үйді толық аяқтағаннан кейін шамамен 10 пәтерді мемлекетке береді. Ал Үкімет бұл баспаналарды әлеуметтік осал топтарға, жағдайы төмен жандарға табыстайды. Мұндай әдіс өзге елдің басым көпшілігінде бар, – деді Қазақстан құрылысшылар одағы Алматы филиалының директоры Тимур Нұртаев.

Президент Үкіметке алдағы 7 жылда маңызды міндет жүктеп отыр.

Атап айтсақ, көлемі 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу, үлескерлер ақша салған кешендердің жұмысын толық аяқтау. Сондай-ақ тозығы жеткен көпқабатты баспаналардың инженерлік желілерін жандандыру мен шалғай жатқан елдімекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту мәселесі де көрсетілген.

Ұлағат Арғын, Мира Әлжанова, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жыл қорытындысы: жаңа тұрғын үй құрылысы және ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир