«Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді». Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осылай деді. Қай мемлекет болсын, оның өміршеңдігі мен экономикасының орнықты дамуы сындарлы сыртқы саясатты жүргізуге, дипломатияға байланысты екені хақ. Президент өз сөзінде қазіргідей аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда шетелдік серіктестермен, әсіресе, көршілес елдермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту маңызды дегенді тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы жыл санап артып келеді. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша 24,3 миллиард долларға жеткен. Бұл – жаңа рекорд. Ел Президентінің айтуынша, қазір экспортқа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, аспанасты еліне жүк тасымалын арттыру үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қытай бұрыннан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіретінін айтып, осы уақытқа дейін көрші мемлекет елімізге 24 миллиард доллар инвестиция салғанын жеткізді.
– Президент Қытайда көп жұмыс істеді, тәжірибесі бар, біледі. Қытаймен қарым-қатынас, саяси жағдай өте жақсы. Ол дүниежүзінде көлем, тұтыну жағынан бірінші орынға шықты. Миллиард тонна түрлі өнім алып жатыр. Соның ішінде Қазақстанның өнімі бар, – деді «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Өткен отыз жылда мемлекетаралық байланыстардың іргесі беки түскен. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасалыпты. Көршілес елмен тауар айналымы 2023 жылдың 10 айында 21,4 миллиард доллар болған.
– Негізгі дипломатиялық қарым-қатынас маңызды, көршілес мемлекеттерді жақсы-жаман деп айта алмаймыз. Ол мемлекеттің бізге қандай пайдасы бар дейсіз ғой? Олардың экономикамызға әсері өте жоғары, – деді Қазақстандық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов.
Биыл әлемнің бірнеше елінде саяси өзгерістер болуы мүмкін. Ресейде, АҚШ-та, Ұлыбританияда және басқа да мемлекеттерде сайлау өтіп, Еуропарламент депутаттары таңдалады. Саясаттанушылар мұндай ауқымды өзгерістер кезеңінде де Қазақстан өзінің саяси қағидасын берік ұстанатынын айтады.
– Ресеймен қарым-қатынаста алып-қашпа әңгіме көп. Қытаймен де тура осындай жағдай. Алайда бұл көршілес мемлекеттер серіктесіміз болып қала береді. Қазақстан қандай жағдай болмасын, өз ұстанымынан айнымай, прагматикалық қарым-қатынасын жалғастырады, – деді саясаттанушы Замир Қаражанов.
Айта кетейік, Президент сұхбатында елордада өтетін халықаралық форум туралы да сөз қозғады. Биыл маусым айында өтетін алқалы жиынға әлем елдерінің көшбасшылары мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатыспақ. Онда климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы мен энергетикалық қауіпсіздік сияқты ортақ мәселелер талқыланады. Бұл да өз кезегінде сыртқы саясатты дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстан халқына: Болат Жәмішев қорға түскен ақшаның қайда жұмсалғанын айтты