Өзгерістер қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуы керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заңгер Абзал Бекбосыновтың пікірінше, Конституцияға енгізілген түзетулер халықтың пайдасына шешіледі. Себебі жаңа өзгерістер бірінші кезекте азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғау тетігін едәуір күшейтуді көздейді.
«Адам құқығы жөнінде негізгі мәселе – өкілеттікті күшейту. Соған қатысты Ата заңымызға ерекше бір бап беріп, сол адам құқығын күшейту және қорғалуы жөнінде көптеген ұсыныс енгізіліп жатыр», – деді заңгер Абзал Бекбосынов.
Ал профессор Өмірәлі Жалаири адам құқықтары мен сөз бостандығын басты құндылыққа балап отыр. Оның негізгі темірқазығы – құқықтық мемлекетті нығайту және заң үстемдігінің салтанат құруы. Қандай жағдай болмасын адамның конституциялық құқығы заң аясында шешілуі керек дегенді алға тартты.
«Өзгерістер болады. Біз енді Жаңа Қазақстанды дамыту үшін Конституцияға өзгерістер керек екенін түсіндік. Оның ішінде көп мәселе шешіліп отыр. Контитуциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылады. Азаматтардың сотқа жүгінуіне жол ашылып отыр», – деді ҚР Президенті жанындағы Құқықтық саясат кеңесінің мүшесі Өмірәлі Жалаири.