Әйелдерге құқықтық және психологиялық көмек беретін институт құру керек - Айман Омарова

Фото: elements.envato.com
Фото: elements.envato.com
Осы проблеманы адвокат Айман Омарова Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары паналайтын орталыққа жүгінетіндер саны жылдан жылға көбейіп келеді. Былтыр 220 әйел психологтар мен заңгерлердің көмегін алса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 150-ге де жетпепті. Адвокат Айман Омарова жолдасынан теперіш көрген жандарға қолдау көрсететін мамандарды көбейту керек деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана қаласындағы «Қорғау» орталығына әйелдер тек елордадан ғана емес, елдің өзге өңірлерінен келіп паналайды. Осындағы мамандардың айтуынша, мұнда зәбір көргендерге алдымен психологиялық көмек көрсетіледі. Содан кейін ғана құқықтық жәрдем беріле бастайды. Алайда мұндай орталықтардың көбінде отбасылық зорлық-зомбылық бойынша бағыт беріп, кеңес айтатын маман жетіспейтін көрінеді.  

– Қазіргі таңда психологтар өте аз. Олардың көбі педагогикалық жағынан дамыған. Ал кризистік, отбасылық, арнайы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен айналысатын психологтар өте аз. Сол бағытта оқытылған, дамыған психологтар тапшы. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін орталықтар көбірек ашылуы керек, – деді  «Қорғау» қорының психологы сымбат Қабылбай.

Дәл осы проблеманы адвокат Айман Омарова Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерді. Мінберге шыққан заңгер, зорлықтың құрбаны болған әйелдерге құқықтық және психологиялық көмек беретін институт құруды ұсынды. Ол «мұндай орталықтар тек қалада ғана емес, алыс шалғайда орналасқан елдімекендерде де ашылуы керек» деді.

– Соңғы 9 айда One Stop Service деген жоба жұмыс істеп тұр. Бұл жерде отбасында қорлық көрген әйелдерге құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір мен 40-тан астам қылмыстық іске қатысып жатырмын. Оның ішінде биологиялық әкенің қызын зорлау фактісі бойынша да іс бар. Зорлық-зомбылық құрбандары көп жағдайда өз құқықтарын білмегеннен үнсіз қалып жатыр. Сондықтан әуелде айтқан қолдау институттары қажет, – деді Ұлттық құрылтай мүшесі Айман Омарова.

Күні кеше Ұлттық құрылтайда Президент тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессияға жол берілмеу керек екенін баса айтты. Президенттің айтуынша, мұндай әрекеттер заң аясында қатаң бақылануы қажет. Мемлекет басшысы елдегі әрбір азамат өзін үйде де, түзде де қауіпсіз сезіну керек екенін айтты.

Келелі кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылданды, енді Үкімет лудоманиямен күреске қатысты жоспар қабылдауы керек деді. Құмар ойынға заң жүзінде шектеу болатынын мәлімдеген Президент, тиісті заң жобасы әзірленгенін де жеткізді. Мемлекет басшысы Парламентте қаралып жатқан жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдауға пәрмен берді.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Ескерткіштер елі: Мемлекет басшысы елде ата-бабасының есімін ұлықтауды сұрап жазатын хат көбейгенін айтты

Новости партнеров