Елімізде нейрохирургия саласында жасалатын ота саны артқан. Биыл Алматыдағы орталық қалалық клиникалық аурухасында эпилепсияны емдейтін ота енгізілді. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында әрбір мұқтаж адамның арнаулы мемлекеттік қамқорлықты сезінуі керек екеніне ерекше назар аударылған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медицинадағы нейрохирургия саласының дамуы тікелей инновацияға байланысты. Сондықтан еліміздегі денсаулық сақтау мекемелерін жаңа технологиялық құралдармен қамтамасыз етуге тікелей көңіл бөлінуде. Соның арқасында Алматыдағы орталық ауруханасында биыл 15 науқасқа эпилепсияға қарсы сәтті ота жасалған.
– Эпилепсия – қаражатты көп қажет ететін аурудың бірі. Мақсатты түрде аурухана немесе Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бағдарламасы болмаса, біріншіден, оны үйрене алмаймыз, үйрену де қиын. Оған төленетін операцияның да ақысы қымбат. Бас ауруы, мигрень деген науқастарға бұрын ота жасалмайтын еді, қазір операция жасаймыз, – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматов.
Орталықта 58 жастағы Лариса Джалалова бел омыртқасының сколиозы диагнозымен ота жасатқан. Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында құны 5 миллионнан асатын операцияны тегін жасатты.
– Ауруханаға өте қиын жағдайда түстім. Екі жылдан бері 3-топтағы мүгедекпін. Тіпті жүруден қалдым. Бірақ ота өте сәтті өтті, – деді науқас Лариса Джалалова.
Сонымен қатар, соңғы жылы аурухананың материалдық-техникалық базасы жаңартылған.
– Нейронавигациялық жүйенің ішінде миға, омыртқаға арналған софт бар. Миға және омыртқаға арналған ретрактор келді. Олардың бағасы өте қымбат, – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматов.
Аурухана алдағы уақытта аталған сала бойынша медициналық туризмге баса назар аударуды жоспарлап отыр.
Жансая Олжабек, Жақысылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту: Президенттің сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда