Сұхбатта көптің көкейіндегі саяси һәм қоғамдық мәселелер көтерілді – сарапшылар пікірі

Сұхбатта көптің көкейіндегі саяси һәм қоғамдық мәселелер көтерілді – сарапшылар пікірі
Президент халықтан ештеңенің жасырылмайтынына кепілдік беріп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару – мен үшін негізгі принцип». Кешегі арнайы сұхбатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысты осылай деді. Шаш ал десе, бас алатын әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтқан Президент халықтан ештеңенің жасырылмайтынына кепілдік беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

   

Күні кеше елдің назарын телеэкранға бұрғызған сұхбатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «елдің тұрмысын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен көтеру керек» деді. Көптің көкейінде жүрген саяси һәм қоғамдық мәселелер жік-жігімен талданды. Оның ішінде Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз етуді басты міндет деп атап, саясат пен экономикадағы монополияны жоюға күш салатынын да анық жеткізді.  

«Енді бұл жерде үлкен реформалардың ішінде айтып кететін болсақ, қазіргі таңда экономиканы ынталандыру үшін бұл жеке тұлғалардың банкроттық заңы туралы жобасы қабылданып жатыр, жасалып жатыр. Ол да экономиканы ынталандыру үшін үлкен көмек болады. Одан кейін шағын және орта бизнес бойынша ауылдық аймақтарда өндіріс орындарын шоғырландыру мәселесі айтылды, яғни өзін-өзі тауармен қамтамасыз ету жолына көшіп жатыр», - деді экономист-сарапшы Мақсат Серікұлы.

«Қазақстанның экономикалық дамуын шұғыл түрде жүзеге асыру керек» деген Президент шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтару үшін ел Үкіметіне 2 ай ішінде нақты ұсыныс дайындауды тапсырған еді. Ал наурыздағы мерзімінен бұрын өтетін жолдауда Президент өз өкілеттігіне қатысты пікір білдіреді. Сондай-ақ ең бастысы, жаңа саяси реформаның жобасы ұсынылмақ.

«Елдің саяси жүйесіндегі өзгерістер, мемлекет басқару жөніндегі жаңа заң алдында бәрінің жауапкершілігінің тең болуы сынды сұрақтарға Президент нақты жауап берді», - деді саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Есенжол Әлияров.

Жасыратыны жоқ, қаңтар оқиғасы кезінде ақпараттық вакуум болды. Оған қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекет ақпараттық соғыста жеңілді» деп пікір білдірген еді. Отандық журналистикада цензура жоқ деген президент жалған ақпарат пен алып-қашпа арзан сөзден кәсібилікті ажырата алуға шақырды. 

«Әр істің басында өзінің сол қазанында қайнаған, соның оң-солын білетін және халыққа керек, елдің ішкі бірлігіне керек сөзді дәл тауып, бағаны дәл беретін, сараптама жасайтын тұлғалар отыруы керек. Осы тұрғыдан алғанда қазақ журналистеріне көп ой салатын мәселелер осы сұхбатта жақсы айтылды», - деді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин.

Тілді сақтап қаламыз, қиындықтан өтеміз. Елдің болашағына бек сенген басшы осылай деді. «Біздің бір ғана Отанымыз бар, басқа Отан жоқ, болмайды да». Аксиома, ақиқатқа негізделген сұхбат осылай аяқталды.

Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров