Кез келген демократиялық қадам біздің қоғамның тереңдеуіне әсер етеді – саясаттанушылар

30.04.2022 22:12

Билік ана тілдің мәртебесін көтеру жолында батыл шешім қабылдап, нақты жоспар құру керек

Almaty.tv

«Кез келген демократиялық қадам біздің қоғамның тереңдеуіне әсер етеді». Белгілі саясаттанушы Мақсат Жақау Президенттің бүгінгі үндеуін толықтай қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол осындай Конституциялық реформаларды Жаңа Қазақстанның даму жолындағы бастамасы деп санайды. Яғни, ел тұрғындары халықтық биліктің қандай болатынын және өздерінің болашағы үшін қабылданған шешімдердің қалай жүзеге асып жатқанын біле алады.

«Референдум дегеніміз – ол халықтық талқыға салып, халықтың дауысын жинау. Сондықтан 1995 жылдан бері жасалмаған референдум Жаңа Қазақстанның жаңа белестеріне өтуде саяси реформалардың негізі ретінде көрінеді. Президенттің бастамасы өте орынды және жақсылықтың нышаны деп қабылдау керек», – деді саясаттанушы Мақсат Жақау.

Ал Жанұзақ Әкім болса Президенттің қазақ тілін дамыту жолындағы тың ұсыныстарын байыппен тыңдағанын айтады. Сол үшін билік ана тіліміздің мәртебесін көтеру жолында батыл шешімдер қабылдап, нақты жоспар құру керегін алға тартады.

«Ассамблея мәселесінде,  партияларда боп жатқан өзгерістерді, Президенттің Аманат партиясынан шығуын жақсы құбылыс деп ойлаймын. Оны ел қолдап отыр», – деді саясаттанушы Жанұзақ Әкім.