Қазақстанда онлайн петиция туралы заң қашан күшіне енеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Президент «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қазақстанда бейбіт шеруге тыйым салынбайтынын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда онлайн петиция туралы заң алдағы көктемде күшіне енеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президент болып қызметке кіріскенде 500 мың азаматтың кепілсіз алған несиесін кешіру туралы құжатқа қол қойған. Енді мұндай рақымшылық болмайды деген Мемлекет басшысы, банкроттық туралы заң қабылданғанын еске салды. Экономист Сапарбек Жобаев халықтың кредитін кешіре бергеннен ел экономикасы қатты зардап шегетінін айтты. Тұтынушының қарызын кешіруді мемлекет емес, сол қаржылық ұйым мойнына алуы керек.  

– Банктер немесе микрокредиттік ұйымдарда резервтік ақша болады. Сол ақша тәуекелге барған адамдардың біреуі ауырып қалса, болмаса кездейсоқ жағдайға түсіп, жұмыссыз болса, оның төлемін кейінге қалдыруға немесе кешіру үшін жұмсалады, – деді экономист Сапарбек Жобаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елдегі жылу желілері әрең жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы тозғанын да айта кету керек. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды. Өнеркәсіп министрлігі олқылықтың орнын толтыру бағытында бірнеше шараны қолға алды.

– 2024 жылы 70 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Қаржыға 89 шақырым жылу желілерін жаңарту көзделіп отыр. Былтыр аталған желілерді жөндеуге 118 миллиард теңге бөлінген болатын. Оған 130 шақырым желі жаңартылды. Бұндай жұмыстар жалғасады, –деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсем Әлжанова.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жемқорлардан алынған ақшаға мектеп салу жұмысы да қолға алынды. Өткен жылды қорытындылаған Оқу-ағарту министрлігі парақорлардың ақшасына 60-тан астам мектеп салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 45 білім ошағы пайдалануға берілген. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да 217 білім ошағының құрылысы басталды.

– Бұл мектептерді жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұлттық жоба аясында 152 мектептің құрылысы басталады. Бұл мектептерді 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 740 мың оқушыға арналған жаңа оқу орны пайдалануға беріледі, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық жобалар басқармасының басшысы Жайық Мақсұтов

Жайық Мақсұтовтың айтуынша, жемқорлардан алынған қаражатқа бірінші кезекте Астана қаласында, Алматы мен Түркістан облыстарында мектептер салынып жатыр. Аталған өңірлерде білім ошағы тапшы.

Президент «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қазақстанда бейбіт шеруге тыйым салынбайтынын айтты. Бірақ жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне тосқауыл қойылатынын ескертті. Демократияның бесігі саналатын батыс елдерінде, ешкім де көшеде жаппай тәртіпсіздік жасаған, мемлекеттік органдарға шабуылдаған адамның маңдайынан сипап, өбектеп отырмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев елде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар екенін еске салды.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылы президенттік сайлауға қатыса ма

Новости партнеров