Қазақстанда ветеринария саласында маман тапшы

Almaty.tv
Almaty.tv
Мемлекет басшысы аграрлық саланы дамыту керек екенін айтқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда ветеринария саласында маман тапшы. Ауыл шаруашылығы сарапшылары осылай деп дабыл қағып отыр. Бүгінде ауылдағы ветеринар мамандардың орташа жасы 55 екен. Ал сала министрлігі аграрлық жоғары оқу орындарында оқу бағдарламасы өзгеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның аграрлық секторында ресми түрде 1 жарым миллионға жуық адам жұмыс істейді екен. Ал бейресми түрде еңбек ететіндер саны 2 есе көп. Бірақ сарапшы Алмасбек Садырбаев ветеринарларды көптеп тарту керек деп отыр. Себебі аталған маман аз болғандықтан, елде түрлі мал аурулары тарап жатыр.  

– Қазақстан аумағы бүгінде ветеринариялық тұрғыдан тұрақты емес. Сондықтан да  көптеген өнімді Қытайға экспорттай алмай жатамыз. Өйткені елде ветеринариялық ауруларының ошағы пайда болып жатыр. Ол адамдарға да жұғып жатыр. Себебі бізде кадр жоқ. Ветеринария саласы толыққанды жұмыс істемейді, – деді ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшы Алмасбек Садырбаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық саланы дамыту керек екенін айтқан еді. Яғни, ауылдық жерлерді ілгерілетуді қолға алу керек деген.  Осы бағытта ауыл шаруашылығымен айналысатындарға мыңнан астам комбайн мен трактор сатып алынған екен. Ал мемлекетке пайдаланылмай жатқан 8 миллион гектар жер қайтарылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпарына сай, саланы дамыту бойынша жас мамандарды тартуда біршама шаралар қолға алынған.

– Аграрлық жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламаларын заман ағымына сай әртараптандыруды қарастырамыз. Бұдан бөлек, біз дамыған шет елде ғылымды функционалды интеграцияланған кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер, өндіріс модельдерін дамыту университеттеріне де назар аударуымыз қажет, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақ аграрлық университетіне 4 ғылыми-зерттеу институтын 3 жылға сенімгерлікке бермек. Бұндай әдіс салаға жаңа мамандарды тартуға, ғылыми зерттеулер жасауға зор мүмкіндік береді.

Өмір Серібекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алмас Қыстаубаев: су тапшылығы – бар кәсіпкерге ортақ тақырып

Новости партнеров