Әбдіжаппар Қыстаубаев: Су тапшылығы – бар кәсіпкерге ортақ тақырып

 Almaty.tv
Almaty.tv
Шаруашылықта мыңнан аса жылқы, 5 мыңға тарта ұсақ мал бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ісі ілгері басқан ірі де іргелі шаруашылық. Балқаш ауданының бағына біткен агроөнеркәсіп кешенінде мал басы көбейіп, қамбадағы астық артып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елді азық-түлікпен ғана емес, жұмыс, баспана, жем-шөппен қамтып отырған Әбдіжаппар Қыстаубаев – қазір ауыл-аудан ғана емес, республикаға танымал меценат. Қайырымдылығымен халқына жаққан кәсіпкер ең әуелі елге тарайтын күріш сорттарын өндіреді. 6 мың гектар суармалы жерінің 1400-іне күріш, 1000 гектарына бидай еккен шаруа көпжылдық жоңышқаны да жерсіндіріп отыр. Агрофирманың кейбір элиталық сорты Қырғызстан, Тәжікстанға экспорталады. Бұған дейін жылына 10 мың тонна күріш өткізіп келген шаруашылықта қазір бұл көлем 5 мыңға қысқарған.

– Суды Іле өзені арқылы «Қапшағай» су қоймасынан, «Тасмұрын» каналы арқылы аламыз. Күріш егеміз. Жаздың ортасында су жетпей қалады. Сосын біз алдыңғы жылы 600 гектар қысқарттық. Былтыр 200 гектар, биыл тағы 300 гектарды қысқартуға тура келді. Су мәселесі өте тапшы болып тұр, – деді серіктестіктің егін шаруашылығы бойынша директоры Алмас Қыстаубаев.

Агрофирма басшысы «су тартылып, күріш алқабының азаюы келешекте экологияға кері әсерін тигізеді» дейді. Магистралді каналдың арнасын жаңарту қажет деген шаруалар аталған мәселенің әлі де күн тәртібінен түспей тұрғанын  айтады. Сан жылдар бойы сапаға жұмыс істеп келген Әбдіжаппар Қыстаубаев «су тапшылығы – бар кәсіпкерге ортақ тақырыпқа айналған» дейді.

– Агроном болған соң, егінге мән беремін. Соңғы 10 жылда жоңышқа, бидай егеміз. Кезінде осы жердің бәрінде мал жайылатын. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, малды таратты. Мал шаруашылығын қайта қолға ала бастадық, – деді серіктестіктің бас директоры Әбдіжаппар Қыстаубаев.

Шаруашылықта мыңнан аса жылқы, 5 мыңға тарта ұсақ мал бар. Ал асылтұқымды, бәйге аттары бөлек бапталады. Канададан 500 бас ірі-қара әкелінген. Ірілігімен ерекшеленетін герафорд тұқымы ең әуелі әртүрлі климатқа бейімделе алады. Қазір сиыр саны 4 мыңнан асқан. Малдың еті өңір-өңірге жіберіледі, аймақты тамақпен қамтиды.

– Суық. Жайлау жоқ, құмды жер. Осының бәріне қолайлысы – «Герафорд» сиыры болды. Аймақты етпен қамтып отырмыз, – деді серіктестіктің мал шаруашылығы бойынша директоры Жандос Әбдіжаппаров.

Ауыл шаруашылығы техникаға мұқтаж. Ал мұнда оның бәрі бар. Тек азаматтар «істің ілгері басуы үшін су тапшылығы жойылып, субсидия жүйелі берілсе» дейді.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыдағы келетін шетелдік туристер саны артты

Новости партнеров