Ел жастары Жаңа Қазақстанды құруға дайын. Бүгін 15 мыңнан аса белсенді жас Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына қолдау көрсетті. Осы мақсатта Алматыда қала жастарының ең ірі жобасы «Жаңа Қазақстан. Күшіміз бірлікте» атты фестиваль-концерті өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шарада жастар арасына кең танылған белгілі өнер иелері, спортшылар, қоғамдық ұйым өкілдері мен кәсіпкерлер, студенттер жаңа реформалардың маңызы туралы өз ойларын ортаға салды. Кемел келешектің кепілі ретінде мемлекет саясатын қолдап, жұдырықтай жұмылуға үндеді.
«Алматы Аренаны» жаңғыртып, ән мен күйге, шу-шапалаққа толтырған бүгінгі фестиваль еріктілердің ұйымдастыруымен өтіп отыр. Яғни, бейресми түрде жастар қозғалысы болып құрылған белсенділердің тобы қаладағы оқушы, студент жастарды бір ортаға жинаған. Залдағы эмоция, қолдау мен көңіл-күй сөзбен айтып жеткізгісіз болды. Мұнда жастарға тән энергия да, жалындап тұрған жігер мен күш те сезіледі.
«Маған өте қатты ұнап жатыр. Өте керемет! Осындай атмосфера сыйлаған Жаңа Қазақстанға, жаңарған Қазақстанға алғыс айтамыз. Қазақстан тек бірлікте болсын!» - дейді қала тұрғыны Маржан Камекова.
«Барлық университет пен өзге де оқу орындарнынан жаппай қолдау білдірді. Кеш керемет өтіп жатыр. Осыны ұйымдастырып жатқан бәріне, қала әкімдігіне, ағаларымызға рахмет. Бәрі тамаша өтіп жатыр», - дейді тағы бір тұрғын Дана Білімбаева.
Бұл ауқымды іс-шараны ұйымдастырушылардың қатарында белгілі кәсіпкер, меценат Сырымбек Тау бар. Әр саладағы танымал, белсенді азаматтардың басы қосылған фестивальде әннен бөлек, спикерлер сөз сөйлеп, өмірлік тәжірибесін, жетістікке жету жолын бөлісті.
«Елімізде, жалпы әлемде қиын жағдайлар болды. Соның бәрін ойластыра отырып, жастарымыз мұңаймасын, жасымасын деген оймен осындай ауқымды фестиваль өткізу туралы ұсыныс тастаған едім. Сол ойымды қолдаған кәсіпкер достарыма, жалпы осы шараны қолдаған барлық жанға зор алғысымд айтамын», - деді кәсіпкер, меценат Сырымбек Тау.
«Бір жағынан, шоу бизнеске де жақсы. Сондай-ақ адамдардың ән тыңдап, демалғаны, проблемаларды бір-екі сағатқа ұмытқаны халыққа да керек. Осындай кештер ұйымдастырып тұрса жақсы болар еді», - дейді әнші Нұрболат Қанай.
Кемі 10 мың адамды жинаған залда Алматыдағы барлық жоғары оқу орнының студенттері болды. Айта кетейік, «Жаңа Қазақстанның» жастары бірінші рет ұйымдастырған бұл іс-шара әлі де жалғасын таба береді.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы