Жылына 3500 тонна өнім шығаратын зауыттың негізі 1998 жылы қаланған
Елімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, шаһарда қазір 860 мың алматылық осы салада жұмыс істейді. Мегаполисте түрлі кәсіпті меңгеріп, экономиканың дамуына үлес қосып жүрген азамат көп. Соның бірі - Хадиша Нұртайқызы. Ол – 25 жылдық тарихы бар ет өнімдері комбинатының негізін қалаушы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
500 адамды жұмыспен қамтып, жылына 3500 тонна өнім шығаратын зауыттың негізі 1998 жылы қаланған. Оңтүстікте туып, Шығыста білім алған Хадиша Нұртайқызы еңбек жолын алдымен Маңғыстаудағы ет комбинатынан бастаған. Одан кейін алып шаһар Алматыға арман қуып келіп, шағын цехын ашқан.
– 1998 жылы 21 қазанда алғашқы өнімді шығардық. Осы саланың маманымын. Алғашында 8 адам жүмыс істеді. Үкімет сол жылдары шағын кәсіпкерлікті қолдады, біз жұмысты шағын цехтан бастадық, – деді Ет өнімдері комбинатының бас директоры Хадиша Бижан.
Комбинат жыл сайын өнімдерін жаңартып отырады. Қазір тұтынушыларға 100 түрлі ет деликатесін ұсынады. Өнімді еңбегі үшін «Алтын сапа» сыйлығын, республикалық деңгейдегі «Қазақстанның үздік тауары» белгісін алған. Зауыт қызметкерлері мұның бәрі тәжірибелі басшымыздың арқасы деп отыр.
– Біздің компания енді өсіп-өніп келеді. Мақсат – сапалы өнім шығару. Сол сапаны, жұмысымызды қадағалайтын басшы бар. Хадиша Нұртайқызы – осы саланың білікті маманы. Соның арқасында жақсы нәтижеге жеттік, – деді Ет өнімдері комбинатының жұмысшысы Талғат Оразалиев.
Компанияның ауқымы да кеңейіп келеді. Қазір зауыттың Көкшетау қаласында ет өңдеу кешені бар. Онда ірі қара және ұсақ малдарды союмен айналысатын мамандар жұмыс істейді. Ал Ақмола облысында бордақылау кешені іске қосылған. Сондай-ақ зауыттың 40-қа жуық фирмалық дүкені бар. Ал негізгі ғимараты жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған Алматы индустриалды аймағында бой көтерген.
– Алматы әкімдігі индустриалды аймақтан 3,5 гектар жер берді. Зауыт салдық. Үкіметтің қолдауының арқасында жұмыс жасап отырмыз, – деді Ет өнімдері комбинатының бас директоры Хадиша Бижан
Айта кетейік, компания өндірістік циклді толықтай өзі жүзеге асырады. Яғни мал бордақылау, сою, шикізат өндіру, өңдеуден бастап, дайын өнімді дүкен сөресіне дейін жеткізумен зауыт қызметкерлері айналысады.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мұғалім мәртебесі: алматылық ұстаздың еңбегі әлемге таныла бастады