|
12.10.2023 | 20:23
3511

Мұғалім мәртебесі: алматылық ұстаздың еңбегі әлемге таныла бастады

Елімізде 340 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді

Мұғалім мәртебесі: алматылық ұстаздың еңбегі әлемге таныла бастады Almaty.tv

«Мұғалімдердің дипломы өмір бойы азық болады» деген түсініктен арылатын кез келді. Президент республикалық педагогтер съезінде ұстаздарды оқу мен үйренуге шақырған еді. Мемлекет басшысы айтқан бұл бастаманы жұмыс тәжірибесінде іске асырып жүрген елімізде білікті ұстаз көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соның бірі Әдепхан Батарқызы. Ол Алматыдағы №169 мектеп-лицейінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. 30 жылдық еңбек өтілі бар маман өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беруде білгенін аянып қалған емес.  

Ұлттық нақышта ою-өрнекпен тігілген бұл костюмдер Әдепхан апайдың қолынан шыққан туындылар. Ол «бүгінде қазақша орнаменті бар кеудешелерді күнделікті өмірде киіп жүру трендке айналғаны қуантады» дейді. Ұстаз енді осындай сұранысқа ие киімдердің тігу жолы мен әдістерін оқушыларына үйретуді қолға алған.  

– Сәндік қолданбалы өнердің түрлі бағытында жұмыс істейміз. Моншақпен әрлеп, киіз басып, ши тоқып, құрақ көрпе тігеміз. Бабалар аманатын ұрпаққа үйретіп келемін. Республикалық, халықаралық деңгейде жетістіктеріміз бар, – деді №169 мектеп-лицейінің ұстазы Әдепхан Шалақызова.

Білікті маман тігін тігу мен сәндік қолданбалы өнер бағытында талай оқушының қызығушылығын ашып, шығармашылығын дамытып келеді. Ұстаз ұлағатын көрген оқушылары оның сенімін ақтап, түрлі жарыста жүлделі орыннан көрініп жүр. Тіпті кейбірі болашақ мамандығын осы саламен байланыстыратынуға ниетті.  

– Көп нәрсені үйретті. Қызындай болып кеттім десем де болады. Болашақ мамандығымды тігін тігу, жалпы еңбекке баулу сабағымен байланыстырамын. Ең бастысы, мамандық таңдаудан шатаспау керек. Өзімнің жүрегіме жақын мамандық осы деп ойлаймын, – деді №169 мектеп-лицейінің оқушысы Мөлдір Қайратқызы.

Ұстаз туындылары мен қолынан шыққан бұйымдарын елімізден бөлек, әлемдік ареналарға да ұсынылып жүр. Оқушыларымен бірлесіп істеген жұмыстары халықаралық өнер көрмелерінде көптің таңданысын туғызған. Шығармашылығының бір бөлігі арнайы кітапқа да басылған.

– Халықаралық деңгейде «Бабалар аманаты» деген жинақ шығады. Бұл жинаққа негізінен республика көлеміндегі үздік деп танылатын мұғалімдердің еңбегі енгізіледі. Солардың бірегейі болып осы Әдепхан апайдың еңбектері жарық көрді. Кітап 4 тілде шығарылған. Жинақ бүгінде Америка, Польша елдерінің кітапханасында сақталып тұр, – деді әріптесі Гүлназ Бердалина.

Қазір елімізде 340 мыңнан астам адам ұстаздық қызмет етеді. Оның басым бөлігі мемлекеттік мектептерде жұмыс істейді. Еңбек өтілі 20 жылдан асатын мұғалім саны 105 мыңға жуықтайды.

Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өскені белгілі. Қазір мұғалімдердің орташа еңбекақысы – 343 мың теңге. Президент өз сөзінде педагогтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға қатысты мәселелер мемлекет назарынан ешқашан түспейтінін айтқан.  

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жаңа маусым: «Алматы» телеарнасында көрермендерге тың туынды жол тартты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир