|
10.01.2024 | 20:39
5307

Салынған үйлер сатылған бағасына сай емес: үлескерлер прокуратураға арыз жазды

Тұрғын үй 2022 жылдың екінші жартысында қолданысқа берілуі керек болған

Салынған үйлер сатылған бағасына сай емес: үлескерлер прокуратураға арыз жазды Almaty.tv

«Салынған үйлер сатылған бағасына сай емес». Алматыда халықаралық деңгейдегі құрылыс компаниясына наразы жұрт прокуратураға арызданды. Үлескерлердің айтуынша, жылдар бойы салынған баспаналар қолданысқа берілмей жатып-ақ сырты бүлініп, біраз олқылық табылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үлескерлердің айтуынша, құжатқа сәйкес бұл үйлер 2022 жылдың екінші жартысында қолданысқа берілуі керек болған. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Арада 1 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін құрылысы аяқталмапты. Енді бұл қаржы құйғандардың баспанаға қатысты жалғыз мәселесі емес.

«Сырты қымбат көрінгенімен, іші жұпыны». Бұл – біздің берген баға емес, осы жерден баспана алған үлескерлердің сөзі. Олардың айтуынша, бой көтерген үйлер жарнамасына да, өз құнына да сай болмай шыққан. Пәтер алғандардың көбі өздері көшіп алған. Алайда үйлер ресми түрде қолданысқа берілмегендіктен, құжатын да ала алмай отыр.

– Құжаты жоқ, ауада тұрып жатқандаймыз. Сатып алғанда шаршы метріне 950 мың теңге төледік. Ол құжатта көрсетілген. 2022 жылы алдық. Қазіргі бағасы одан да көп деп ойлаймын, – деді үлескер Бақтығали Қауменов.

– Бізге премиум санаттағы мықты үйлер деп сатқан. Ондай түгі де жоқ. Атына заты сай емес. Тіпті эконом санаттағы үйлер жақсы. Құрылысы әлі жүріп жатыр. Қасбеттері дұрыс салынбаған. Қираған тұстары да бар. Қоқыс үйіліп жатыр. Қолданысқа беретін уақытын да кейінге шегере береді, – деді үлескер Татьяна Алайк.

Үлескерлер бас көтерген соң оқиға орнына құрылыс компаниясының бірнеше өкілі келді. Барлығы бір ауыздан «құрылысқа қатысты олқылыққа жауапты біз емес, бізден тапсырыс алғандар жауапты» деді. Бұлардың тапсырысын орындағандар да құрылыс компаниясы екен.

– Қазіргі таңда RAMS Qazaqstan компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз өз тарапымыздан, заң жағынан шағым жазып, сотқа дайындалып жатырмыз. Түбегейлі мына мәселе шешілмесе, соттасамыз. Бұл – біздің жауабымыз, – деді құрылыс компаниясының өкілі Нұрлыбек Сұлтан Нүсіпжанов.

Жұмысының сапасына шағым көбейген тапсырыс алушылар «мәселені шешуге міндеттеледі, олармен жасалған келісімшарт әлі де өз күшінде» деп сендірді. Ал үлескерлер үйдің құрылысы мен саудасына қатысты тексерсін деп құзырлы органдарға шағымданған. Арыздың бірі жақында прокуратураға хат түрінде жолданған.

Айта кетейік, даудың басы болған нысанның қазір сыртында да, ішінде де құрылыс жұмысы жалғасып жатыр.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтөбеліктер хлор буына уланып қалды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир