Биыл Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінген 4,5 мыңнан астам азаматтың 21 пайызы құзырлы органдардың жұмысына шағымданған. Бұл туралы омбудсмендердің басқосуында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиында сөз сөйлеген мамандардың айтуынша, арызданғандардың көбі сотқа дейінгі тергеу жүргізетін қызметкерлердің әрекеті мен сотталғандар құқығының тапталғанына наразы.
Айта кетейік, былтыр қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңға жария түрде қол қойып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде бекітілген еді. Еліміздің барлық өңірінде омбудсменнің өкілдігі құрылып, қызмет көрсету аясы кеңейе түскен.
Елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінетіндер қатары артқан. Статистикаға сүйенсек, биыл шағым қалдырғандар саны өткен 2 жылмен салыстырғанда 2 есе, тіпті 4 есеге көп. 2021 жылы уәкілге 1855, ал былтыр 3874 адам жүгінсе, биыл 9 айда 4 мыңнан астам азамат арыз қалдырған Соның 300-ге жуығы - Алматы қаласының тұрғыны.
– Мемлекет басшысының бастамасымен конституциялық реформа аясында, отандастарымыздың құқығын қорғауға аса мән берілді. Бұл саланың маңызын негізге ала отырып, Президентіміз былтыр 5 қарашада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы Конституциялық заңға қол қойды. Осылайша, бір Астанада ғана емес, республиканың бүкіл өңірінде өкілдік ашылды. Соның арқасында, барлық азаматқа омбудсменге тікелей жүгінуге мүмкіндік пайда болды, – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы қаласы бойынша өкілі Қазыбек Малдыбаев.
Тиісті заң қабылданғалы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтардың құқығы мен бостандығы мәселесімен Президентке, Парламент пен Үкіметке тікелей жүгінетін мүмкіндікке ие. Қазақстанда, қарызгерлердің шағымымен жұмыс істейтін банк-омбудсменіне жүгінгендер қатары да аз емес көрінеді.
– Соңғы 5 жылдың ішінде ипотекалық келісімшарттан шығатын даудан бөлек, кредиттің басқа түріне де байланысты70 пайыз шағым түсті. Онлайн, тұтынушылық несиеге байланысты Қазақстан Республикасының банк-омбудсменінің құзыретін күшейту керек деген ұсыныс бар, – деді Қазақстанның банк-омбудсмені Дархан Нұрпейісов.
Елімізде барлық салада дерлік омбудсмен бар. Алайда мамандар оны көп отандас біле бермейтінін айтты.
Айта кетсек, Алматыда азаматтырдың құқығын қорғайтын уәкілдер бас қосты. Жиынға мемлекеттік қызметкерлер де қатысты. Онда мамандар міндеті бойынша жұмыс нәтижесін айтып, алдағы жоспар туралы баяндама берді.
Оразай Нұртайұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Елімізде кәсіпкерлерді тексеру екі есе қысқарады