Елімізде бизнес иелерін жоспарлы тексеру екі есе қысқарады. Президент пәрменімен кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін артық талаптарды алып тастау жұмысы жүріп жатыр. Бастама негізінде Салық кодексі әзірленуде. Ол қазіргі қолданыстағы 10 мыңнан астам заң нормасын қайта қарауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан экономикасы 11 айда 4,9 пайызға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс көрсетіп отыр. Өңірлер арасындағы қарқын Маңғыстау, Түркістан, Абай және Павлодар облыстарына тиесілі. Ұлттық экономика министрінің ақпарынша, отандық азық-түлік өндірісі 2 пайызға артқан. Салықтық түсім де салмақты. Жылдық көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға көбейген.
– 2023 жылдың 11 ай қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің салықтық түсімдері 16,6 трлн теңгені құрады. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға немесе 3,1 трлн теңгеге артық. Салықтық түсімнің артуы сауда, көлік және қоймалау, қаржы және сақтандыру салалары бойынша байқалып отыр, – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы Гаухар Нұртазина.
Қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы елдегі салық салмағын азайтуды тапсырды. Президент пәрменінен соң, Салық кодексі әзірленіп жатыр. Маңызды құжатта салықтық-әкімшілік жүйе толық қайта қаралады. Жүргізілетін жаңа реформа бойынша саланы цифрландыру да көзделген. Тағы бір талданатын тұсы, бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланған. Бұл төлемдер санын кем дегенде 20 пайызға оңтайландырмақ.
– Цифрландыру мәселесі бойынша мемлекетіміз ілгеріледі. Көлеңкелі экономиканы азайтуға, тіптен де болдырмауға мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмыс жасалып жатыр. Салық кодексін сапалы қабылдайтын болсақ, жақсы эффектісін береді деп есептеймін, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов.
Жаңа Салық кодексі жан-жақты талданып жатыр. Жобаны Үкімет талқыға шығарған соң, бизнес өкілдері мен сарапшылардан 700-ге жуық ұсыныс келген. Қажетісі ескеріліп, маңызды құжат дайын болса, келер жылы қазанда қабылданады.
Басымдық беріліп отырған бағыттың бірі – ойын бизнесінің салығын көбейту. Ресми мәліметке сүйенсек, олардың табысы соңғы 5 жылда 35 есе өскен.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда IT-стартап жобаларға кәсіпкерлер қанша қаржы құйды