Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қатысушылар Жолдаудың басым бағыттары мен негізгі міндеттері туралы өз ойларын ортаға салды. Олар Президент жолдауындағы мәселелер шешілсе, Жаңа Қазақстанға аяқ басқанымыз дейді.
«Көпұлтты мемлекетпіз, оны бәрі біледі. Құдайға шүкір, бүкіл ұлттар, ұлыстар бірігіп осы Президентімізді қолдап, әр тапсырмасын орындалуын қамтамасыз етуіне қызмет етеміз деп сенеміз. Сондықтан еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын», - деді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Яқия Қажы Исмаилов.
Қатысушылар президенттің биылғы жолдауында айтылған тың бастамаларды жүзеге асыруға баршамыз күш салуымыз керек деді. Ол үшін бірлігімізді нығайтып, білім мен ғылым жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Енді жаңа экономикалық саясатты белсенді түрде жүзеге асыру керек деген пікір де айтылды.
«Президент өз жолдауында өте өзекті мәселелерді көтерді. Саяси реформалардың қажеттілігін нақты атап өтті. Оларды жүргізбесек, тиімді экономикалық даму да, азаматтық қоғам құру да, тіпті егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді сақтау да мүмкін емес екені айтылды», - деді «Радима» белорусс этно-мәдени орталығының төрағасы Дмитрий Останькович.